Путин Украинаға алдын ала шартсыз келіссөздерді қайта бастауды ұсынды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Путин
Келіссөз 15 мамырда Ыстанбұлда өтуі мүмкін / Фото: Кремль

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Украинамен бейбіт келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді.

Путин 11 мамыр күні түнде Кремльде ресми мәлімдеме жасап, Украинаға алдын ала шартсыз келіссөздерді қайта бастау жөнінде ұсыныс білдірді. Келіссөз 15 мамырда Ыстанбұлда өтуі мүмкін.

«Қандай жағдай болмасын, біз Киев билігіне 2022 жылдың соңында өздері үзіп тастаған келіссөздерді қайта бастауға, нақтырақ айтқанда, тікелей келіссөздерді жаңғыртуды ұсынамыз. Тағы да атап өтемін – ешқандай алдын ала шарттарсыз. Біз оларды кідіріссіз бастауға дайынбыз, атап айтқанда, келесі бейсенбі – 15 мамыр күні, бұрын өткізілген және үзіліп қалған Ыстанбұлда қайта жалғастыруды ұсынамыз»,– деді Ресей басшысы.

РФ президенті Украинамен маңызды әрі шынайы келіссөздер жүргізуге ниетті екенін айтты.

«Бұл келіссөздердің түпкі мәні – қақтығыстың бастапқы себептерін жою, тарихи келешекке бағытталған ұзақ мерзімді және берік бейбітшілік орнату. Біздің ұсыныстарымыз, айтқандай-ақ, үстелде жатыр. Енді шешім қабылдау – украин билігі мен олардың сыртқы ықпал етушілерінің қолында», деп мәлімдеді Путин.

Әзірге Киев бұл ұсынысқа қатысты ешқандай ресми пікір білдірген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Украина мен Ресей арасындағы тікелей келіссөздер 2022 жылы дәл осы Ыстанбұлда өткен болатын. Бірақ кейін тараптар келісімге келе алмай, келіссөздер тоқтап қалған болатын.

Бұған дейін Владимир Путин 8 мамырдан бастап төрт күндік уақытша бітім жариялау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді.

Сонымен бірге, Кремль бейбіт келіссөздерге алдын ала шартсыз дайын екенін және қақтығыстың бастапқы себептерін жою мақсатында халықаралық серіктестермен конструктивті диалог жүргізуге ниетті екенін хабарлады.

26 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский кездескен еді. Кездесуден кейін Трамп Ресей басшысы Владимир Путиннің соғысты тоқтату ниетінің шынайылығына күмән келтіргенін білдірді. 

Сондай-ақ оқыңыз