
«Қазгидромет» РМК мамыр айына арналған болжамын жариялады. Болжамға сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде орташа деңгейдегі құрғақшылық болуы мүмкін.
Құрғақшылық болжанған аймақтар:
- Қостанай облысы – Амангелді, Жангелдин аудандары, Арқалық қаласының маңайы;
- Батыс Қазақстан облысы – Теректі, Қазталов, Жәнібек, Жаңақала, Ақжайық, Бөкей ордасы аудандары;
- Атырау облысы – Құрманғазы ауданы;
- Маңғыстау облысы – Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия аудандары;
- Қарағанды облысы – Ақтоғай, Шет аудандары;
- Абай облысы – Аягөз ауданы;
- Алматы облысы – Балқаш ауданы;
- Жамбыл облысы – Мойынқұм ауданы;
- Түркістан облысы – Сызақ ауданы;
- Қызылорда облысы – Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары.
- Ақтөбе облысында (Қобда ауданы және Ақтөбе қаласы маңында) ылғалдылық деңгейі орташа ылғалды болады деп күтілуде.
Елдің қалған өңірлерінде ылғалдану деңгейі қалыпты мөлшерде сақталады деп болжанып отыр.
Айта кетейік, «Қазгидромет» алдағы бірнеше күнде ауа райы нашарлайтынын хабарлады. Кей өңірде жоғары өрт қаупі сақталса, енді кейбір аймақта үсік жүреді.