Алуа Нұрлан Азия шахмат чемпионаты аясында блиц турнирінде топ жарды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Алуа Нұрлан шахматтан Азия чемпионатының блиц турнирінде алтын медальді иеленді / Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

18 жасар қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман блиц-шахматтан Азия чемпионы атанды. Отандасымыз әйелдер арасындағы есепте бірінші орынды иеленіп қосымша көрсеткіштер бойынша басты фаворит –  Валентина Гунинаны басып озды.

Турнир Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында өтіп, оған құрлықтың үздік шахматшылары жиналды. Швейцар жүйесі бойынша өткен жарыста Алуа жеті партияда жеңіске жетіп, біреуінде жеңілді, тағы бірін тең аяқтады. Осылайша, ол 7,5 ұпай жинаған. Дәл  осындай ұпайды ресейлік гроссмейстер Валентина Гунина да еншіледі. Алайда қосымша көрсеткіштер бойынша алтын жүлде қазақстандық шахматшыға бұйырды.

Медаль мен кубоктан бөлек, Алуа Нұрман 1 500 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынға тұрақтаған ресейлік шахматшыға 1 000 доллар көлемінде ақшалай сыйлық берілсе, қытайлық халықаралық шебер Юксин Сонг 7 ұпай жинап, қола жүлдемен қоса 500 долларды қанжығасына байлады.

Тағы бір қазақстандық шахматшы Ксения Балабаева 6,5 ұпаймен 7-орынды иеленсе, Лия Құрманалиева 6 ұпаймен 10-орынға табан тіреді. Әмина Қайырбекова (5,5 ұпай) – 17-орында, Әсел Серікбай – 21-орында. Зарина Нұрғалиева 5 ұпаймен 28-орынға жайғасты. Ал Аяулым Қалдарова 4,5 ұпаймен 40-орынға ие болды. Блицке қатыспаған қалған қазақстандық шахматшылар негізгі турнирде өнер көрсетуде.

Ерлер арасындағы блицте Ринат Жұмабаев үздік атанды

Ерлер арасындағы блиц турнирінде қазақстандықтар ішінде ең үздік нәтиже көрсеткен – 6,5 ұпай жинап, 10-орынға жайғасқан Ринат Жұмабаев. Турнир жеңімпазы – ресейлік Иван Землянский (8 ұпай). Күміс жүлде ирандық Сива Мовахедке (7,5 ұпай), қола – ресейлік Рудик Макарянға (7 ұпай) бұйырды. Ерлер арасындағы жүлде қоры көбірек болды: жеңімпаздар сәйкесінше 2 500, 2 000 және 1 500 АҚШ долларын алды.

Аль-Айн қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының негізгі турнирінде тоғыз турдың төртеуі артта қалды.

34 елден келген 260 спортшы жүлделі орындар мен әлем Кубогының жолдамалары үшін таласуда. Ерлер арасында үздік он шахматшы, ал әйелдерден алғашқы екі орын иегерлері жолдама алады.

Қазақстан шахматшылары бұған дейін 7 жолдаманы жеңіп алған. Ерлер арасындағы әлем Кубогы 1–26 қараша аралығында Делиде өтеді. Әйелдер турнирі 5–29 шілде аралығында Батуми қаласында ұйымдастырылады.

Құрлықтық чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 80 000 АҚШ доллары.

Сондай-ақ оқыңыз