Президент балалық шағындағы суретін жариялап, анасы жайлы естелікпен бөлісті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Тоқаев анасы Тұрар Шабарбаеваның өмірі мен тәрбиесі туралы естеліктермен бөлісті / Фото: instagram / tokayev_online

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ата-анасымен түскен балалық шағындағы суретін жариялап, анасы Тұрар Шабарбаева туралы естілігімен бөлісті.

«Бүгін – Аналар күні! Осы орайда анам Тұрар Шабарбаева туралы аз-кем естелікпен бөліскім келеді. Төрт балалы біздің отбасы қарапайым тұрды. Анам ұзақ уақыт бойы белгілі себептермен жұ­мыс істемеді, ол кісі үй жұмысын атқарды.  Жалғыз асыраушымыз әкей. Айлық жалақыдан бөлек, ол кей-кейде мақалалары мен кітаптарына қалам­ақы алатын. Мұндай күндері біздің үйде нағыз мереке орнайды»,–  деп жазды Президент Instagram желісіндегі парақшасында.

Мемлекет басшысы анасының өте қарапайым жан болғанын және бар өмірін перзенттеріне арнағанын атап өтті.

«Шешей ол кезде жас әйел бола тұра, көп нәрседен, оның ішінде әшекей заттар мен қымбат киімдерден тартынатын. Әрине, сәнді киініп, әсем әшекейлер таққысы келгені табиғи ғой, алайда бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті. Тіпті, қымбат дүниелер алатындай мүмкіндік туған кезде де, өзіне ұнаған заттарды немерелеріне әперумен шектелетін», дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев өмірінің сындарлы сәттерінде анасының қолдауы айрықша болғанын да айтты.

«Өз өмірімнің Кеңес Одағы тарауымен тұспа-тұс келген сындарлы сәтінде анамның батыл қолдағаны ешқашан ұмытылмайды. Сол бір қауырт күнде­рі Мәскеуде қалып, Ресей мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеу немесе елге қайтып оралуды анықтау қажет еді. Сонда анамның «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді» деп айтқаны есімде. Бұл сөз бұйрықтай болып естілді», деп бөлісті Мемлекет басшысы.

Президент анасының кейбір шенеуніктердің аяқастынан қисапсыз байып шыға келетінін білетінін, бірақ мұндай тіршіліктің баянсыз және ақыры жақсылыққа апармайтынын жалықпай үнемі айтып отыратынын да еске алады.

«Өзі де қарапайым тірлік кешті, көзі жұмылғанша көп нәрседен өзін шектеп отырды. Ылғи да ел алдында ұятқа қалмау үшін өзімді таза ұстауды, ешқашан көрсеқызарлыққа бармауды айтып кеңес беретін. Анам да үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап өстім ғой. Әңгімені жақсы айтатын және менің де ықыластана тыңдайтынымды сезген болар, сөйтіп өмірлік дүниетануыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

9 мамырда Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше сый жасаған болатын. Ол Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі архивінен алынған Президенттің әкесі, гвардия сержанты Кемел Тоқаевты марапаттау парағын табыстады.

 

Сондай-ақ оқыңыз