Зеленский Путиннің тағы да келіссөзге келу туралы ұсынысына жауап берді

Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Путиннің келіссөздер туралы ұсынысына жауап берді.
Украина кездесуге дайын…
Зеленский бұл ұсынысты ұзақ күткенін айтады. Сондай-ақ бұл жаңалықты жақсылыққа балады.
«Ресейліктердің соғысты аяқтау туралы шешім қабылдағаны – бұл жақсы белгі. Бұны бүкіл әлем ұзақ уақыттан бері күтіп отыр. Кез келген соғысты шынымен тоқтатудың ең алғашқы қадамы – бұл атысты тоқтату. Біз Ресей атысты толық, ұзақ мерзімді және сенімді түрде тоқтататынын растайды деп күтеміз – ертең, 12 мамырдан бастап. Украина кездесуге дайын«, – деп жазды Украина басшысы Telegram арнасында.
Айта кетейік, бүгін, 11 мамыр күні түнде Владимир Путин Кремльде ресми мәлімдеме жасап, Украинаға алдын ала шартсыз келіссөздерді қайта бастау жөнінде ұсыныс білдірген болатын. Келіссөз 15 мамырда Ыстанбұлда өтуі мүмкін.
Бұған дейін Владимир Путин 8 мамырдан бастап төрт күндік уақытша бітім жариялау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді.
26 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский кездескен еді. Кездесуден кейін Трамп Ресей басшысы Путиннің соғысты тоқтату ниетінің шынайылығына күмән келтіргенін білдірді.