Lifestyle

Шри-Ланка “Жаңа Бали” ме?

Шри-Ланка «Жаңа Бали» ме? / Фото: Shutterstock
Шри-Ланка «Жаңа Бали» ме? / Фото: Shutterstock

Кейінгі кезде Шри-Ланканы Балимен салыстыратындар көбейді. Шынында, Үндістанның оңтүстігіндегі аралдың мұхит пен табиғат үндестігін іздеген саяхатшыларға берері көп. Бірақ біздің Шри-Ланка жайлы білетініміз аз. Сондықтан «Ол қандай ел, қалай жетеміз, қашан барған дұрыс, не көреміз, визаны қалай аламыз?» деген сан алуан сұрақтың бәріне жауап іздеп, сүйікті оқырмандарымызға дайын гайд жасап қойдық. 

Шри-Ланканы неге Балиге ұқсатады?

Бали осыдан бірнеше жыл бұрын туристі аз, арзан, жер бетіндегі «жұмақ» сияқты арал болатын. Дижитал номадтардың көбі үлкен қалаларда пәтер жалдап тұру, өмір сүру шығынын қысқарту үшін Балиге көшті. Ауасы лас Алматыдан 2 бөлмелі пәтер жалдайтын ақшаға Балиден мұхитқа жақын, жеке бассейні, асүйі мен жап-жасыл ауласы бар вилладан бөлме алуға мүмкіндік бар еді. 

Тамағы да арзан, жұмыстан бос уақытта байк жалдап, аралдың кез келген қиырына кетіп қалуға болады. Сарқырамалар, дельфиндер, күріш алқабы, көрші аралдар — алысқа ұзамай-ақ, жаңа жер көріп, саяхаттауға мүмкіндік көп. Мұхитқа қарайтын, тыныш, тамағы мен интернеті жақсы коворкинг, мейрамханалар жетіп-артылады. 

Бірақ Балиге көшкен адамдардың үздіксіз жарнамасынан кейін аралға туристерден тыным болмады. Қазір Балиде құрылыс қарқын алып, ине шаншыр бос орын қалмай барады. Жағажайларда қоқыс көбейіп, арал көшелерінде сағаттап кептеліс болады. Бағалар да бірнеше есе өскен. Осылай Бали әдеттегі «туризм құрбанына» айналды. 

Шри-Ланка қазір бірнеше жыл бұрын көп адам естімеген, туристер жаппай ағылып үлгермеген Балиге ұқсайды. Әзірге онда баға арзан, таңдау көп, адам аз, бастысы, тыныш. Осыны түсінген саяхатшылар мен дижитал номадтар Шри-Ланкаға қарай ойыса бастады. Бұл аралдың да Бали сияқты әлеуеті үлкен: айнала мұхит, әдемі жағажайлар, серфинг, жыл он екі ай жаз, жеміс-жидек, кокос суы, кішіпейіл халық, бағасы арзан. 

Сондықтан Шри-Ланканы «Жаңа Бали» деп атайды. Бірақ экваторға жақын арал Балидің жетістігін қайталағанымен, одан кейінгі тағдырын қайталамаса игі болар еді. 

Шри-Ланка қандай ел?

Шри-Ланка — Оңтүстік Азияда орналасқан арал-мемлекет. Солтүстік-батысында Үндістанмен, оңтүстік-батысында Мальдив аралдарымен теңіз шекарасы бар. Елді айнала Бенгал шығанағы, Үнді мұхиты, Лаккадив теңізі қоршап жатыр. 

  • Астанасы — Коломбо. 
  • Тілі — сингал, тамиль. Бірақ ресми тіл ретінде ағылшын тілін қолданады. Халықтың негізгі дені ағылшынша еркін сөйлейді. 
  • Халқы — 22 миллион. 
  • Ақшасы — Шри-Ланка рупийі. 1 LKR = 1.73 теңге.

Шри-Ланкаға қалай жетеміз?

Шри-Ланкаға Алматыдан Air Astana, Абу-Дабиден Air Arabia мен Etihad, Үндістаннан Vistara, Air India мен Indigo, Дохадан Qatar Airways ұшады. Азияның көп қаласынан да рейстер бар (мәселен, Бангкок). Туристік маусым кезінде Алматыдан тікелей чартер рейстер табуға болады. Чартер рейстерге соңғы орындар әдетте ұшардан 2-3 күн бұрын небәрі 20-30 мың теңгеге сатылады.

Шри-Ланкаға виза керек пе?

Иә. Былтыр Шри-Ланка Қазақстан азаматтарына визасыз режим ұсынған. Бірақ көп ұзамай бұл мүмкіндікті қайта алып тастады. Қазір Шри-Ланкаға визаны алдын-ала онлайн немесе елге жеткен соң, әуежайда алуға болады. 

Электронды визаға мына сайт арқылы өтініш бересіз: www.eta.gov.lk. Онда төлқұжат деректеріңізді, өзіңіз жайлы ақпарат толтырып, виза құнын төлейсіз. Сайт visa/mastercard карталарынан төлем қабылдайды. Елге 2 рет кіріп-шығу мүмкіндігі қосылған 30 күндік виза — 50 доллар, бірнеше рет кіріп-шығумен 55 доллар тұрады. Виза 30 күнге беріледі. 

Шри-Ланкада көретін не бар?

Шри-Ланкада ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген 8 нысан бар: 

  1. Анурадхапура қаласы — Шри-Ланканың ежелгі астанасы патша бақшасы, ғибадатханалар мен ерекше архитектуралық кешендерге толы.
  2. Полоннарува — Будданың жартастан ойылған мүсіндерінен тұратын тарихи қала.
  3. Сигирия — жартас үстінде орналасқан қамал орны. Айналаға ең әдемі көрініс ашылатын view point. Қамал тарихы әлі күнге дейін белгісіз.
  4. Канди — викториандық стильдегі сарайлар, Будданың тісі сақталған ғибадатхана, табиғаты әдемі қала.
  5. Галле — XVI ғасырдағы колонизатор Португалиядан қалған бекініс қала, Еуропа стилінде салынған.
  6. Дамбулланың алтын ғибадатханасы — Оңтүстік Азиядағы үңгірде орналасқан ең үлкен ғибадатхана. 
  7. Орталық Шри-Ланка таулары — теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан, эндемик өсімдіктерге толы ормандар, хайкингке тамаша трейл.
  8. Синхараджа қорығы — мангр ормандары, сарқырамалар, өзендер мен көздің жауын алатын табиғат.

Одан бөлек, Шри-Ланкада:

  • Cафариге баруға болады. Аралда бірнеше ұлттық парк бар. Әрқайсысында әртүрлі жануарларды табиғи өмір сүру ортасында көріп, Африкадағыдай нағыз сафариге шығасыз. Мәселен, Yala National Park — қабыландар (леопард) мекені, Uda Walawe National Park, Minneriya National Park  — пілдер, Sinharaja Biosphere — құстар, әртүрлі жәндіктер мен көбелектер көруге таптырмас жер.
  • Серфинг үйренуге болады. Оңтүстіктегі Weligama, Mirissa қалалары серферлер ортасы деуге болады. Мұнда толқындар биік, серфинг мектептері көп. Осында бір-екі ай тұрып, баяу өмірдің дәмін татып, жаңа дағды үйрене аласыз.
  • Шай плантациясын аралауға болады. Шри-Ланканың ежелгі аты — Цейлон. Мұнда шай өндіріледі. Nuwara Eliya, Ella қалаларында шай фабрикасына барып, неше түрлі шайдан дәм татып, дегустация жасайсыз.
  • Ең әдемі маршрутпен жүретін поезға отыруға болады. Ella-ға жүретін поезд ең әдемі табиғи ландшафтарды басып өтеді. Бәрі поездан басын шығарып, шалқалап суретке түсетін ең атақты инста-локация — осы поезд. 
  • Тоғыз аркалық көпірді көруге болады — Ұлыбритания билігі тұсында бір дана темір қолданбай, толықтай тау тастары мен цементтен салынған ерекше нысан. Жап-жасыл орман арасындағы биік көпір үстінен өтетін поезд суреті — Шри-Ланканың символы іспеттес.
  • Теңіз тасбақаларымен жүзуге болады. Mirissa жағажайында үлкен теңіз тасбақалары адамдармен бірге суда жүреді. Бірақ тасбақаны қолмен ұстап, мазасын алуға болмайды. Алтын ереже: жабайы табиғатқа тек сырттай сүйсінеміз, ешқашан қол тигізіп, зиян келтірмейміз!
  • Ең әдемі жағажайларда демалуға болады. Шри-Ланканың мұхитқа жақын орналасқан кез келген қаласынан әдемі, таза жағажайлар табасыз. Күннің батуы, шомылу, күнге күю — бәрі кинодағыдай.
  • Снорклинг. Қарашадан сәуірге дейін — аралдың батыс жағалауында, сәуірден қыркүйекке дейін — шығыс жағалауында снорклинг жасай аласыз. Теңізасты әлемін ерекше жақсы көрсеңіз, Pigeon аралына барыңыз. 

Шри-Ланкада туристік маусым қашан?

Шри-Ланка экваторға жақын орналасқан. Сондықтан мұнда жыл он екі ай жаз болады. Мұхит суының орташа жылдық температурасы — +27 – + 29 градус. Шри-Ланканың орталық таулы өңірінде жылдық температура +20 градус шамасында. Аралда туристік маусым жыл бойы жалғасады. 

«Ол қалай сонда? Шри-Ланкада жаңбырлы маусым болмай ма?» деп сұрауыңыз мүмкін. Болады, бірақ «муссондар маусымы» аралдың әр жағалауына кезекпен келеді. Сондықтан бір жағалауда жауын құйып жатқанда, екінші жағалауда күнге күйіп жата беруге болады. Осылай Шри-Ланкаға жылдың кез келген мезгілінде бара аласыз, тек ол кезде аралдың қай бөлігінде құрғақ маусым екенін біліп алсаңыз болғаны. 

Төменде Шри-Ланкадағы құрғақ маусым кестесін ұсынамыз (аталған жағалауға жанында көрсетілген мезгілде бару керек):

  • Солтүстік-Шығыс жағалау — мамыр – қазан
  • Оңтүстік-Батыс жағалау — қазан – мамыр
  • Канди — қаңтар-наурыз, шілде-қыркүйек
  • Nuwara Eliya, Ella (шай плантациялары) — қаңтар-наурыз, тамыз-қыркүйек