Мәжіліс жасанды интеллект туралы заң жобасын қарайды

Мәжілістің алдағы жалпы отырысының күн тәртібі нақтыланды. Бұл туралы палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында шешілген.
Бірінші оқылымда Мәжіліс депутаттарының қарауына «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң жобасы және оған ілеспе түзетулер ұсынылады.
Заң жобасы ЖИ технологиялары мен жүйелерін қолдануға арналған бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Ілеспе түзетулер ЖИ пайдаланатын өнімдерге қатысты тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, мұндай жүйелер арқылы өңделетін дербес деректердің қорғалуын, сондай-ақ ЖИ көмегімен жасалған медиаөнімнің таратылу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.
Сондай-ақ депутаттардың қарауына екінші оқылымда азаматтық қорғау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер мен 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады.
Бүгін мәжілісте өткен үкімет сағаты су саласына жасалып жатқан реформаға арналды. Жиында бір ғана облыста 5 млрд теңгенің суы құмға сіңіп кетіп жатқаны, Қазақстан суды ысырап ету бойынша әлемде алдыңғы орында екені, олигархтар су қоймаларын қос-қостан иемденіп алғаны, Қытаймен әлі күнге дейін трансшекаралық өзен суларын пайдалану бойынша құқықтық негіз жасалмағаны сөз болды.