Олигархтар су қоймаларын қос-қостан иемденіп алған – депутат

Су шаруашылығы саласын жемқорлық, әрекетсіздік, су ресурстарын заңсыз беру мәселелері жайлаған. Мұндай мәлімдемені үкімет сағатында депутат Бақытжан Базарбек жасады.
Оның айтуынша, «Жер Аманаты» жер комиссиясының жұмысы барысында Алматы облысында бір олигархтың қолына төрт ірі су қоймасы өтіп кеткені анықталған.
«Депутаттық сауал негізінде Балқаш-Алакөл бассейн инспекциясы тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтар анықтады. Соның негізінде Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасына ұйғарым хат жолдады. Ал Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы әрекетсіз отыр. Олар сотқа жүгініп, су қоймасын мемлекетке қайтаруды ойламайды да. Осындай жерлерде жемқорлық тәуекелдері жатыр» – дейді депутат.
Оның сөзінше, мұндай фактілер, елдің өзге өңірлерінде де көп. Мәселен, СҚО-да бір адам 9, келесі адам 8 су қоймасын иеленіп алған. Ақмолада, Қостанайда 7 су қоймасы бір қолға өтіп кеткен. Ақтөбеде бір адамға 4, ал Қарағандыда 8 су қоймасы бір адамға тиесілі.
«Бұл – су саласындағы латифундия мен монопилия. Бұлар жемқорлық тәуекелін арттырады. Оларды мемлекетке қайтаруымыз керек» – дейді ол.
Бақытжан Базарбек сонымен қатар тасқын қаупі жоғары аймақтардағы құрылыс саласында жемқорлық тәуекелдері жоғары екенін жеткізді.
Сөзінше, былтыр Балқаш-Алакөл бассейн инспекциясына хат жолдап, олардан алған жауабы күмән тудырған. Инспекция дерегінше, Алматы қаласында 13 мың 536 нысан заңсыз салынған. Депутат бұл ақпаратқа сенеді. Ал Шымкентте тасқын қаупі бар белдеуде салынған нысандар саны – 3. Атырау облысында да сондай, Түркістан облысында 4 қана нысан тасқын қаупі жоғары аймақта орналасқан. Депутат аталған сандардың шынайылығына күмін келтіріп, су министрлігін мәселеге назар аударуға шақырды. Қажет болса, депутаттық тексеріс жасауға дайын екенін айтты.
Су және ирригация министрінің сөзінше, елде тасқын қаупі жоғары елдімекендерде 14 мыңнан астам құрылыс бар. Оның 80 %-дан астамы Алматы қаласының маңында орын тепкен. Министрдің пікірінше, бұл елдімекендерді тасқыннан қорғаудың жалғыз амалы – қадағалау шаралары.