Сарқан қаласында мектеп қызметкерінен ашық түрдегі туберкулез анықталған

Жетісу облысы Сарқан қаласындағы мектептердің бірінің қызметкерінен ашық түрдегі туберкулез анықталған. Бұл туралы журналист Сандуғаш Дүйсенова хабарлады.
Ол жағдай қауіпті екеніне қарамастан, жергілікті билік ешқандай нақты шара қабылдамағанын айтады.
«Мектеп директоры неге үнсіз? Карантин неге жарияланбаған? Санитарлық тазарту бір рет қана жүргізілген. Ал балалар ештеңе болмағандай оқып жатыр», – деген ол ата-аналар алаңдап өзіне хабарласып жатқанын жеткізді.
Жетісу облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті KursivMedia-ға ақпаратты растады.
«Аталған дерек бойынша уәкілетті органдармен бірлесіп, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан тиісті тексеру және эпидемияға қарсы іс-шаралар қолданыстағы алгоритмге сәйкес жүргізілуде. Қоғамдық денсаулықты қорғау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданып, жағдай департаменттің тұрақты бақылауында«, – делінген хабарламада.
Департамент азаматтардың жеке деректерін қорғау әрі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, науқас туралы ақпарат жарияланбайтынын атап өткен.