«Күніне 3 жарым тонна». Қазақстан суды ысырап ету бойынша әлемде алдыңғы орында

Қазақстанда суды үнемді тұтынудың жалпыұлттық мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылмаған. Бұл туралы Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев мәлім етті.
Депутаттың сөзінше, осының салдарынан Қазақстанда суды ысырап ету белең алған. Жеке қолдану бойынша да, өнеркәсіптегі пайдалану жөніненде әлемдік антирейтингте алдыңғы қатарды алады.
«Қазақстандықтар дамыған елдерге қарағанда суды 10 есе көп тұтынады. Бір адам тәулігіне 3 жарым мың литр су жаратады. Экономикада да суды ұтымсыз тұтыну деңгейі өте жоғары. Мысалы, Ресей, АҚШ, Аустралиямен салыстырғанда біз өнім өндіруге суды 3 есе көп жұмсаймыз. Біздегі негізгі проблема су тапшылығы емес, оны ұтымсыз пайдалану болып тұр» – дейді ол.
Депутаттың сөзінше, суды үнемді пайдалануға бағытталған мемлекеттік шаралар айтарлықтай нәтиже бермеген.
Сондықтан ол бір айдан кейін күшіне енетін су кодексінің ережелерін су пайдаланушылар, әсіресе, шаруаларға түсіндіру бойынша шұғыл шара қабылдауға шақырды.
«Үкімет суды ырысапсыз тұтыну мәдениетін қалыптастыру мақсатында мектепке дейінгі мекемелерден бастап, білім берудің барлық сатыларында ауқымды әрі жүйелі ақпараттық науқан жүзеге асыру қажет» – дейді.
Депутат ауыл шаруашылығында су шығына 60%-ға жететініне, бұл көрші елдерден 2 есеге көп екеніне назар аударды. Бұған ирригация жүйелерінің ескіргені әрі суаруда ескі әдісті қолдану себеп.
Депутат суды өндірісте ырысап еткендерге жауапкершілік енгізу қажеттігін айтты.
Мәжіліс қабырғасында өтіп жатқан үкімет сағатында депутат Ерлан Саиров БҚО-да жылына 5 млрд теңгенің суы құмға сіңіп кетіп жатқанын көтерген. Бұған жауап берген министр Нұржігітов «су құмға сіңсе де, өз жерімізге сіңіп жатыр, оның экологиялық әсері болады» деп ақталған.