
Петропавлда үш адамның өліміне қатысты көптің назарын аудартқан іс бойынша үкім шықты. 12 мамырда судья айыпкерді өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы жергілікті Qazaqstan Media басылымы жазды.
Қайта қаралған іс
Бастапқыда алқа билер күдіктіні ақтап шыққан. Бірақ прокуратура апелляция беріп, үкімнің күші жойылған. Себебі алқа билерді таңдауда процессуалдық бұзушылықтар тіркелген. Іс жаңа құраммен қайта қаралып, судья, прокурор мен алқа билер ауыстырылған.
Резонанстық оқиға
Оқиға 2023 жылғы 25 қыркүйекте болған. Үй өртеніп, одан сотталушының азаматтық әйелі, оның бір жасар қызы мен інісі өлі табылған. Алғашында Канищев тірі қалған жалғыз адам ретінде қаралған. Алайда алғашқы сараптамалардан кейін күдікті ретінде танылды.
Сот-медициналық сараптама әйелдің өліміне көміртегі тотығымен улану себеп болғанын анықтады. Алайда балалардың қанында карбоксигемоглобин табылмаған, бұл олардың өртке дейін қаза болғанын көрсетеді. Қыз бала тірі кезінде басынан жарақат алғаны да дәлелденген.
Үкім
Үкімді судья Ерлан Нұршарыпов жариялады.
«Александр Канищев қылмыстық жауаптылыққа тартылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылсын. Жазасын ерекше қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Сот залында қамауға алынсын. Сонымен қатар, алкоголизмге мәжбүрлі ем тағайындалсын. Сот-медициналық сараптамаларға кеткен 2 млн 840 мың теңге процессуалдық шығынды өтеуге міндеттелсін», – деді ол үкімді оқып,
Сонымен қатар, айыпкер танысынан 20 мың теңге ұрлағаны үшін де кінәлі деп танылды.
Бүгін сондай-ақ Тараз әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрбол Қалдыбаев 4 жылға сотталды. Ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған.