Жаңалықтар

Министр 5 млрд теңгенің суы құмға сіңіп кететіні жайлы: экологиялық әсерін береді

Нұржігітов 5 млрд теңгенің суы құмға сіңіп кететіні жайлы: Экологиялық әсерін береді
Нұржігітов 5 млрд теңгенің суы құмға сіңіп кететіні жайлы: Экологиялық әсерін береді/Фото: KursivMedia

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Су және ирригация министрлігінің жұмысы тек қағаз жүзінде әдемі деген пікірде. Бұл туралы ол Үкімет сағаты барысында айтты.

Оның сөзінше, елдің барлық өңірінде су тапшылығы айқын сезіледі.

«Сізге бір ғана мысал келтірейін, Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы суды Ресейден алып отыр. Оған ҚазСуШар жылына 5 млрд теңге төлейді. Бірақ сол су келеді де Жалпақталдан өтіп, ары қарай құмға сіңіп кетеді. Сонда біз жылына бюджеттің 5 млрд теңгесін суға сіңдіріп отырмыз. Жалпақталда су қоймасын салу мәселесі он жыл бұрын көтерілген, бірақ шешілмеді. Қашанғы бюджет ақшасын суға сіңіре береміз» – деді ол.

Министр Нұржан Нұржігітов мәселеден хабардан екенін атап өтіп, «су құмға сіңгенімен, өзіміздің жерімізге кетіп жатыр, экологиялық әсерін береді» деп ақталды.

Оның дерегінше, мәселені шешу үшін Ресейден сатып алынған суды жинайтын екі су қоймасын салу жоспарланған.

«Осы жылы Кіші өзенде, 2027 жылы Үлкен өзенде саламыз. Олардың аяқталу мерзімі 2028, 2030 жылдар» – деді ол.

Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, аталған екі су қоймасының құрылысы облыстағы су тапшылығы мәселесін шешпейді. Өйткені олардың сыйымдылығы 50-60 млн текше метр ғана. Ал Ресейден сатып алынатын су – 350 млн м3.

Ерлан Саиров сонымен қатар ҚазСуШар мекемесінің қызметкерлері жылына cу ресурстарының 40 %-ға жуығын заңсыз сататынын, бұған қалай тосқауыл қойылатынын сұрады.

Министр мұны су шаруашылықтарымен жасалатын келісімшарттарды электрондық жүйеге ауыстыру, ақпараттық-талдау орталығы арқылы нақты тұтынылған су көлемін анықтау, айыппұл салу, қызметтен босату сияқты тетіктерді қолдану арқылы шешіп жатқанын жеткізді.

Бұған дейін былтырғы су тасқыны кезінде қатаң сөгіс алған Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен биылғы тасқын маусымына қалай дайындалып жатқаны сұралған.