Жыл басынан бері кімдердің жалақысы артқаны белгілі болды

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы I тоқсандағы жалақы мәндері туралы ақпарат жариялады.
Статистика бюросының мәліметінше, бағалау көрсеткіштері бойынша жалақының медианалық мәні 300 307 теңгені құраған.
Ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы атаулы жалақының орташа мәні 2025 жылғы I тоқсанда 423 133 теңге болған. Бұл былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда 10,7% артық.
«2024 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсімі ақпарат және байланыс – 31,3%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 17,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында – 16,1% болғаны байқалды. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 6,2%, білім беруде орташа айлық жалақы көлемі 6,1% өсті», – делінген бюро хабарламасында.
Өңірлік бөліністе орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсімі Ұлытау облысында –19,4%, Қостанай облысында – 14,6%, Алматы қаласында – 14,2% және Павлодар облысында 13,5% тіркелген.
Мұндағы медианалық жалақы барлық жұмысшылардың жалақысын теңдей екі топқа бөлгеннен пайда болатын мән. Яғни жұмысшылардың жартысы осы мөлшерден аз, ал екіншісі көп жалақы алады деген сөз. Сарапшылар шынайы орташа жалақы ретінде осы мөлшерді басшылыққа алады.
Ал жалақының орташа мәні қызметкер жалақысының қосымша ақысын, үстемеақысын, сыйақысын, салығын әрі зейнетақы аударымының барлық түрін ескере отырып көрсетіледі. Ол жалақы қорының сомасын кәсіпорындардағы қызметкерлердің нақты санына бөлу арқылы есептеледі.
Бұған дейін, айына миллиондап айлық алатындар көбірек салық төлеп, МӘМС-ке көбірек жарна аударатыны хабарланған.