Лифтіде 5 жасар баланың бетін тілген жасөспірім мәжбүрлі емге жіберілетін болды

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғам назарын аударған лифтідегі оқиғадағы айыпталушы 14 жастағы жасөспірімді мәжбүрлі емге жіберу туралы қаулы шығарды.
Судья мұндай шешім қабылдарда айыпкер II топтағы мүгедек екенін, психоневрологиялық диспансерде есепте тұра отырып, тұрғын үй кешенінің лифтінде кәмелетке толмаған адамның бетіне пышақпен жарақат салғанын басшылыққа алған.
Сондай-ақ психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жасөспірім созылмалы психикалық аурудың салдарынан, әрекет кезеңінде өзінің іс-қимылының нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсінбегені, әрекетін басқара алмағаны, сол арқылы өзіне және қоғамға қауіп төндіргені анықталған.
«ҚК 16-бабының талаптарына сәйкес, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. Есі дұрыс емес деп танылған адамға сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдана алады. Сот қаулысына сәйкес, К.-ге Талғар ауданы Ақтас ауылындағы қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі мекемеде стационарлық мәжбүрлеп емдеу тағайындалды» делінген сот қаулысында.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Жасөспірім 11 қаңтарда Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің лифтісінде 5 жасар баланың бетіне пышақ жарақатын салған.
Оқиғадан кейін жасөспірімнің анасы сұхбат беріп, ұлына 9 жыл бұрын атипиялық аутизм диагнозы қойылғанын, 3 жылдан кейін шизофрения расталғанын айтқан. 2023-2024 жылдары ол үнемі ауруханада болған, тек бірнеше апталық үзілістерде ғана үйіне келген. Анасының сөзінше, жасөспірімнің жағдайының нашарлауына психиатриялық диспансердің 3-қабатынан құлап кетуі себеп болған. Алайда ДСМ бұл ақпаратты жоққа шығарған.