Kaspi.kz 2025 жылдың І тоқсанында 254 млрд теңге таза пайда тапты

Kaspi.kz финтех тобы 2025 жылдың І тоқсанында 254,05 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 14%-ға артық. Ал жалпы түсім көлемі 49%-ға өсіп, 821,85 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы компания өз сайтында жариялаған қаржы есебінде мәлімдеді.
Табыс құрылымы қандай?
Kaspi үш негізгі бағытта жұмыс істейді: төлемдер, маркетплейс және қаржылық қызметтер (финтех). Жыл басында осы үш бағытта да өсім байқалған. Төлемдерден түскен табыс 147,5 млрд теңгені құраса,(+16,5%), маркетплейстен 349,3 млрд теңге (өсім 2,3 есе) түсім алған. Ал финтех бағыттың қаржы түсімі 342,8 млрд теңгеге (+18%) жетті.
Компания табысының 82,2%-ы – Қазақстан нарығына (685,5 млрд теңге), ал қалған 17,8%-ы Түркияға (148,6 млрд теңге) тиесілі.
Kaspi активтері мен капиталы да өсті
2025 жылдың алғашқы тоқсанында Kaspi компаниялар тобының жалпы активі 9,3 трлн теңгені құраған. 2024 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда өсім +11%-ға тең. Ал міндеттемелері 7,5 трлн теңге болса, меншікті капитал 1,8 трлн теңгені құрайды.
Hepsiburada: Түркия нарығындағы алғашқы шығын
Kaspi.kz 2025 жылдың қаңтарында Түркиядағы ірі онлайн-сауда платформасы – Hepsiburada компаниясының бақылау пакетін (65,41%) сатып алған болатын. Бұл мәміле құны шамамен 1,127 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 600 млн доллары келісім жабылған күні төленді, ал 526,9 млн доллары кейінге шегерілген төлем ретінде жарты жыл ішінде төленбек. Кепіл ретінде Kaspi Hepsiburada-ның 65 млн акциясын сатушылар пайдасына қойды.
Алайда бұл инвестиция алғашқы нәтижесінде теріс көрсеткіш көрсетті. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Hepsiburada 6 млрд теңге көлемінде шығын келтірді. Компания бұл жағдайды екі негізгі фактормен түсіндірді:
- Түркиядағы 37%-дан асқан инфляция салдарынан тұтынушылардың сауда желілеріне бойкот жариялауы;
- Кредит өнімдерді дамытуға бағытталған инвестициялық шығындар.
Компания жылдық болжамын қайта қарады
Kaspi.kz 2025 жылға арналған таза табыс өсімі бойынша болжамын 20%-дан 15%-ға дейін төмендетті. Бұл есепке Hepsiburada-дан түсетін пайда кірмейді. Компания өкілдері бұл — сақтық үшін жасалған қадам екенін айтады.
«Бұл бұрынғы 20%-дық болжаммен салыстырғанда сақтықпен жасалған шешім. Дегенмен бұл табыстың тұрақты өсетінін көрсетеді. Егер депозиттер бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер төмендесе, бұл біздің кірістің артуына оң әсер етеді. Сондай-ақ Hepsiburada мен Түркия нарығы орта мерзімді кезеңде үлкен әлеуетке ие», – делінген Kaspi таратқан хабарламада.
Kaspi кімге тиесілі?
Kaspi.kz – бұл төлемдер, онлайн сауда және қаржылық қызметтерді біріктірген цифрлық экожүйе. Топ құрамына Kaspi Bank, Kaspi Магазин, Kaspi Pay, Kaspi Travel кіреді.
2025 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Kaspi.kz компаниясының негізгі акционерлері: Baring Funds (23,51%), Михаил Ломтадзе (21,53%) мен Вячеслав Ким (20,39%).