Жаңалықтар

Мұнай дәуірі соңына таяды: экономист Қазақстанды не күтіп тұрғанын айтты

Қазақстан мұнай
Мұнай арзандаса, Қазақстанды не күтіп тұр / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Белгілі экономист Алмас Чукин мұнай дәуірі аяқталып келеді деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, қазіргі ахуал тек өндіріс көлеміне ғана емес, мемлекеттің қаржы тұрақтылығына да тікелей әсер етеді.

Экономист Қазақстан биыл әлемдік мұнай нарығының назарында екенін жазады. Bloomberg агенттігі бірнеше күн қатарынан елімізді ОПЕК+ келісімін бұзған елдердің бірі ретінде атап өтті. Сәуір айында еліміз тәулігіне 2 млн баррель мұнай өндіріп, квотадан жарты миллион асып кеткен. Бұл ОПЕК+ ішіндегі шиеленіске себеп болды.

ОПЕК+ келісімі қандай еді?

Бастапқыда ОПЕК мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы ретінде ғана жұмыс істейтін. Алайда 2016 жылы әлемдік баға күрт құлдырағанда, ұйым өз қатарына формалды түрде кірмейтін, бірақ өндірісті бірлесіп реттеуге келіскен 11 елді қосты. Осылайша, ОПЕК+ құрылды. Қазір тек 8 ел ғана нақты міндеттемелер алып отыр.

Қазақстан да ОПЕК+ келісіміне мүше. Ресми квотасы – тәулігіне 1 468 000 баррель. Алайда сәуір айында елдегі өндіріс 2 млн баррельге жетіп, бұл көрсеткіш 500 мыңға артық болды. Бұл Сауд Арабиясының өз еркімен қысқартқан 2 млн баррельдің ширегіне тең.

Неліктен өндірісті тоқтату қиын?

Алмас Чукин мұнай – қоймаға жинап қоюға келмейтін өнім екеніне назар аударады. Өндірілген мұнай міндетті түрде сатылуы керек. Қарапайым сөзбен айтқанда, экспортты шектеу – мүмкін емес, тек өндірісті шектеу қажет. Бірақ скважина – тірі организм секілді. Оны толығымен жабуға болмайды. Жабылған скважинада парафин мен басқа да қалдықтар жиналып, өндіріс мүлде тоқтауы мүмкін. Сондықтан өндірісті толықтай тоқтату – экономикалық әрі техникалық тұрғыдан тиімсіз.

ТШО мен NCOC — Қазақстанның «бақылаусыз» локомотивтері

Мұнай өндірісінің едәуір бөлігі шетелдік операторлар — Теңізшевройл (ТШО) мен North Caspian Operating Company (NCOC)-ке тиесілі. Сарапшының айтуынша, Қазақстан бұл жобаларды толықтай бақылай алмайды. Мемлекет өзінің «қатысу үлесі» мен салық жүйесі арқылы ғана пайда көреді. Сондықтан өндірісті біржақты шектеу – қиын әрі қауіпті.

Осыған байланысты, Қазақстан Энергетика министрлігі де Bloomberg мақаласындағы «сыртқы қысыммен өндіріске шектеу қойылады» деген пікірді жоққа шығарды.

Баға құлдырап, өндіріс артты: кім ұтады?

2025 жылдың басынан бері Brent маркалы мұнай бағасы 15,3%-ға төмендеп, 64 доллар деңгейіне жетті. Бұл 2025–2027 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет негізінде есептелген 75 доллардан айтарлықтай төмен. Қазақстан жылына шамамен 700 млн баррель мұнай сатады. Осылайша, әр баррельдегі 15 доллар айырма бізге 10,5 млрд доллар шығын әкеледі.

«Бюджеттегі негізгі тәуекел – бұл кіріс құрылымындағы пайда. Құн төмендесе, шығындар қала береді. Бұл жағдай салықтың азаюы, жобалардың тоқтауы мен жұмыс орындарының қысқаруына алып келуі мүмкін», – дейді Алмас Чукин.

Қазақстанда мұнайдан түсетін негізгі табыс тікелей республикалық бюджетке емес, алдымен Ұлттық қорға түседі.

Бюджетке тек экспорттық кедендік баж тікелей түседі. Ал қалғаны Ұлттық қорға жиналып, кейін трансферт түрінде бюджеттің бір бөлігіне айналады. Сондықтан мұнай бағасының төмендеуі алдымен Ұлттық қорға, содан соң бюджеттік жоспарға әсер етеді.

Мұнай дәуірінің соңы ма?

Қазіргі жағдай — ОПЕК+ жүйесінің тұрақсыздығын, Сауд Арабиясының шыдамы таусылғанын және АҚШ-тың жаңа тариф саясаты сұранысты төмендетуі мүмкін екенін көрсетеді. Қазақстан өндірісті арттырып, квотадан асып кетті, бірақ бұл ұзақмерзімді тұрақтылықтың нышаны емес. Керісінше, экономикадағы тәуелділік пен құрылымдық әлсіздіктерді аша түседі.

«Нарық құрылымы өзгеріп келеді. Қымбат мұнай – уақытша. Мұнай дәуірі соңына таяды, Қазақстан тезірек жаңа экономикалық модельге көшуі керек», – дейді Алмас Чукин.