Қытайдан келетін тауар көлемі Ресей импортынан асып түсті

2025 жылдың қаңтар-ақпап айында Қытайдан келетін тауар көлемі Ресей импортынан асып түскен. Қаңтар-ақпан айларында Қытайдан келген импорт көлемі еліміздің жалпы сыртқы саудасының 28,8%-ын құраса, Ресейдің үлесі 28,5%-ға тең.
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйене отырып, «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі жазады. Айта кетейік, соңғы он жылда Ресей Қазақстанның негізгі импорттық серіктесі болып келген еді.
Былтыр сыртқы саудада Қазақстан импортының 29,7%-ы немесе әрбір үшінші тауар Ресейге тиесілі болған.
Қытайдан қандай тауар жеткізіледі?
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қытайдан келетін бірқатар өнеркәсіптік және техникалық тауар көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, жол және құрылыс техникасының импорты екі есе өсіп, 65,2 млн долларды құрады. Сұйықтық пен ұнтақ шашуға арналған құрылғылардың жеткізілімі жеті есе көбейіп, 37,2 млн долларға жеткен.
Сондай-ақ Қытайдан келген есептеуіш машиналар немесе компьютерлер импорты 30% өсіп, 123,5 млн долларға дейін ұлғайды. Электр генераторларының көлемі де төрт есе артып, 35,1 млн долларды құрады. Ал автокөлікке арналған кузовтар импорты 43%-дан астам өсіп, 79,3 млн долларға жетті.
Бұдан бөлек, жылу өңдеуге арналған жабдықтар импорты төрт есе ұлғайып, 29,4 млн доллар болды. Алюминийден жасалған табақтар, ленталар мен плиталар көлемі екі есе артып, 28,5 млн долларға жеткен.
Ресейден келетін импорт құрылымы қандай?
Ал Ресейден келетін кейбір стратегиялық тауарлардың көлемі, керісінше, күрт төмендеген. Мысалы, тазартылмаған мыс пен мыс анодтары мүлде импортталмаған. Былтырғы 68,2 млн доллардың өнімі импортталған. Бидай импорты тоғыз есе азайып, 73,3 млн доллардан небәрі 5,7 млн долларға дейін түскен.
Пластмассадан жасалған түрлі бұйымдар импорты да он есе қысқарып, 5,9 млн долларға дейін азайған. Былтыр 39,5 млн долларға өңделмеген алтын импортталса, биыл мүлде әкелінбеген. Трикотаждан тігілген киім-кешек импорты шамамен 45%-ға қысқарып, 41 млн долларды құраған.
Сонымен бірге қарапайым болаттан жасалған жартылай фабрикаттар көлемі 39%-ға төмендеген. Ал ыстықтай иленген болат прокатының импорты 41%-ға жуық қысқарып, 26,5 млн долларға дейін төмендеген.
Бидай импортына шектеу әсер етті
2023 жылдан бастап Қазақстан бидай импортына шектеу енгізе бастады. Ал 2024 жылдың шілдесінде арзан ресейлік астықтан отандық нарықты қорғау үшін импортқа толық тыйым салынды. Бұл тыйым 2024 жылдың соңына дейін күшінде болды. Ресей тарапынан экспорт 2025 жылдың ақпан айында ғана қайта басталған.