
Қазақстанның Даму Банкі мен «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» компаниясы Түркістан облысы, Тайқоңыр ауылында күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысын қаржыландыруға қатысты келісімге келді. Жобаның жалпы құны — 113 млрд теңге.
Жылына 800 мың тонна өнім шығаратын бұл кәсіпорын уран өндірісінде қолданылатын негізгі реагент — күкірт қышқылын отандық деңгейде шығаруды көздейді. Жоба жүзеге асса, Қазақстан сырттан әкелінетін қышқылға тәуелділіктен арылып, логистикалық шығындарды азайтады. Өнімнің негізгі тұтынушысы — еліміздің ұлттық компаниясы «Қазатомөнеркәсіп».
Шикізат уран кәсіпорындарына 2027 жылдан бастап 17 жыл бойы жеткізіліп отырады.
Жобаның технологиялық серіктесі — италиялық Ballestra компаниясы. Ол зауытқа қажетті құрал-жабдықтар мен толық өндірістік шешім ұсынбақ.
Зауыттың құрылысы 2027 жылдың алғашқы тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Құрылыс кезеңінде 500 адамға дейін жұмысқа тартылады, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 274 маман тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Бұл өңірдің инфрақұрылымын дамытып, әлеуметтік тұрақтылықты күшейтуге көмек болады.
еgov.kz-тегі мәліметтерге сәйкес «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» компаниясына «РУ-6» ЖШС мен «Қазатомөнеркәсіп– SaUran» ЖШС иелік етеді.
Түркістан облысында салынып жатқан зауыт құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Кейіннен құрылыстың аяқталу мерзімі 2027 жылға шегерілді.