Түркиядағы күрділердің лаңкестік ұйымы қаруын тастады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Түркияның Диярбәкір қаласындағы митингіде күрділердің Абдулла Оджалан суретін ұстап көшеге шыққан сәті / фото: REUTERS/Sertac Kayar
Түркияның Диярбәкір қаласындағы митингіде күрділердің Абдулла Оджалан суретін ұстап көшеге шыққан сәті / фото: REUTERS/Sertac Kayar

Түркиядағы күрділердің лаңкестік ұйымы тарап кетті. Күрдістан жұмысшы партиясы өз-өзін тарату туралы шешімін жария етті.

Rudaw агенттігі хабарлауынша, бұл партия Түркиямен қарулы күресті тоқтатып, тарқау туралы шешім қабылдаған. «Күрдістан жұмысшы партиясы» (КЖП) ресми түрде осындай мәлімдеме жасады.

Жиынға 232 делегат қатысты

 «Біз халқымыздың бұл шешімді – КЖП-ны тарату мен қарулы күресті доғаруды – дұрыс түсініп, демократиялық қоғам құру жауапкершілігін өз мойнына алатынына кәміл сенеміз», – делінген мәлімдемеде.

КЖП-ның бұл шешімі 5–7 мамыр күндері өткен съезден кейін қабылданыпты. Қауіпсіздік мақсатында екі жерде қатар ұйымдастырылған жиынға 232 делегат қатысты.

Марксизм-ленинизм идеологиясын ұстанды

Айта кету керек, бұл партияны 1978 жылы Абдулла Оджалан құрған. 1984 жылдан бастап Түркияға қарсы қарулы қозғалыс бастаған партия марксизм-ленинизм идеологиясына сүйенеді. Бастапқыда олар тәуелсіз Күрдістан мемлекетін құруды мақсат еткен. Түркиядағы күрділердің бәрі бұл идеологияны қолдаған жоқ.

Оджалан 1990-жылдардың соңында тұтқындалып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. 2024 жылдың ақпан айының соңында ол түрмеден өз серіктеріне үндеу жолдады. Онда қаруын тастап, партияны тарату қажет екенін мәлімдеген.

«Мен қаруды тастауға үндеймін және бұл тарихи жауапкершілікті өз мойныма аламын. Барлық топтар қаруын тастап, партия тарауы тиіс», – деген Оджалан.

40 мың адам қаза тапқан

Айта кететін жайт, 2023 жылдың күзінде КЖП Анкарадағы ІІМ ғимараты жанындағы жарылыс жасағанын өз мойнына алған. Reuters агенттігінің мәліметінше, осы уақытқа дейін Түркия билігі мен осы лаңкестік партия арасындағы қақтығыс салдарынан 40 мың адам қаза тапқан.

Күрдтер – Таяу Шығыстағы ирантілдес этнос. Олардың саны шамамен 30 миллионға жетеді. Соның 15–18 миллионы Түркияда тұрады.

Мұның алдында Абдулла Оджалан Күрдістан жұмысшылар партиясының мүшелерінен қаруды тапсырып, қозғалысты тарқатуды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз