ҚазМұнайГаз Румыниядағы зауытының жұмысын жаңғыртады

KMG International Румыниядағы «Petromidia» мұнай өңдеу зауытында мұнай-химия қондырғысын қайта іске қосты. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.
Биыл еуропалық нарықта мұнай-химия өнімдеріне деген сұраныс артып жатыр. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» тығыздығы төмен полиэтилен өндіру қондырғысын іске қосу туралы шешкен.
«ҚазМұнайГаз» LDPE қондырғысын «Petromidia» мұнай өңдеу зауытының мұнай-химиясы кешенімен қайта біріктірмекші. Осы арқылы Румыниядағы жалғыз ұлттық полимер өндірушісі болып қалуды көздейді. Бұл KMGI-дің өндірістік және қаржылық көрсеткіштерінің одан әрі өсуіне ықпал етеді, сондай-ақ өңірдегі полимер нарығындағы көшбасшылықты қайтаруға мүмкіндік береді», – деп хабарлайды компания баспасөз қызметінен.
LDPE қондырғысының жылдық қуаты – 75 мың тонна. Мамыр айынан бастап термошөгімді, аграрлық салаға арналған және жұқа орауыш пленкалар, сондай-ақ қалың пакеттер өндірісінде пайдаланылатын өнімдер шығармақшы.
KMG International 2025 жылы жалпы 145 000 тоннадан астам полимер өндіруді жоспарлап отыр.
Осыған дейін «ҚазМұнайГаз» Ақтаудағы «Caspi Bitum» зауытын жаңалап, алғашқы битум өндірген еді. Бұл кәсіпорыннан жылына 1,5 млн тонна битум өндіруді жоспарлап отыр.