Атыраудағы ұстаздар ақпаннан бері жалақы алмаған

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ең бай өңірлердің бірі - Атырау облысы ұстаздар ақысын әлі төлемеді / фото: shutterstock
Ең бай өңірлердің бірі – Атырау облысы ұстаздар ақысын әлі төлемеді / фото: shutterstock

Атырау облысында мемлекет тапсырмасын орындайтын жиырма шақты жекеменшік мектепке 2025 жылғы ақпан, наурыз және сәуір айларының ақысы әлі аударылмады. Өңірдегі ұстаздар да үш айдан бері жалақы алмай отыр.

Әкімге хат

Қазақстанда үкімет тапсырысын орындап отырған жекеменшік мектептер қаржы тапшылығына тап болғанын Kursiv.Media өткен айда көтерді. Мәселе билікке жетіп, екі күннің ішінде барлық дерлік өңір берешекті өтеді. Алайда Атырау облысы әлі күнге дейін үш айдың ақшасын төлеген жоқ.

Соған байланысты Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновке хат жолдады. Онда өңірдегі жиырмадан аса жекеменшік мектеп үш айдан бері бір тиын алмағаны айтылған.

«Қазіргі таңда Атырау облысы 6iлім саласында 20-дан аса жекеменшік мектеп өз жұмыстарының ақысын күтіп отыр. Лицензиясы бар, заң шеңбенде жұмыс icтейді», – деп жазды қауымдастық.

Ұстаздар ақпаннан бері жалақы алмай отыр

Өңірдегі жеке мектептер 2025 жылғы ақпаннан бері ақша алмағанын Атыраудағы білім мекемелерінің өкілдері растады.

«Қолда бар ақшаның бәрін ұстаздарға ақпан айының жалақысына аванс ретінде таратып бердім. Мұғалімдер содан бері айлық алған жоқ. Себебі біз орындаған қызмет ақысы әлі түспеді. Ғимаратты жалға алу, коммуналдық қызмет ақысы бар. Электр қуаты қымбаттады. Салық төленбей қалды. Салық берешегінің өсімпұлы тағы бар», – дейді аты-жөні мақалада аталмағанын сұраған жергілікті кәсіпкер.

Оның айтуынша, жергілікті мәслихат облыс бюджетінен жеке мектептер үшін қаражат бөлуді мақұлдаған. Атырау облысының білім басқармасы да ақшаны аударуға уәде берген. Алайда мамыр айының ортасы болып қалса да, жеке мектептер орындаған қызмет ақысы әлі түспеген.

Курсив көтерген мәселе

Kursiv.Media осы мәселеге қатысты сауалдарды Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновке 2025 жылғы 23 сәуірде жолдады. Бүгін соңғы күн – жауап әлі жоқ.

«Қаржы орталығының» Kursiv.Media-ға жолдаған мәліметінше, 2025 жылы 726 жекеменшік мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау шартына қосылған.

Естеріңізге сала кетейік, елдегі жүздеген жекеменшік мектеп ақпан айынан бері атқарылған қызмет ақысын алмағанын, үкіметті сотқа бере алатынын 23 сәуірде жазғанбыз.

Ертесіне, 24 сәуірде экс-министрі Асхат Аймағамбетов айлықсыз қалған ұстаздар мәселесіне назар аударған. Сол күні мұғалімдер қауымы Оқу-ағарту министрлігінің осы мәселеге қатысты мәлімдемесін жоққа шығарған.

Мұғалімдер мәселесі жоғары жаққа жеткеннен кейін ғана ішінара шешіле бастаған. Алайда Қазақстандағы ең бай өңірлердің бірі – Атырау ұстаз ақысын әлі төлемеген болып шықты.

Сондай-ақ оқыңыз