Уақыт пен күш болмаса да кітап оқуға көмектесетін стратегиялар

Жарияланды 12 Мамыр 2025 08:28

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Жасанды интеллект туралы 8 кітап
Уақыт пен күш болмаса да кітап оқуға көмектесетін стратегиялар / Фото: shutterstock

Кітап оқуды хобби деп қана емес, дамуға көмектесетін құрал деп қарастырған жөн. Бірақ таңнан кешке дейін жұмыста жүретін адамға кітап оқуға қалай уақыт табуға болады? Болмаса, жұмыстан кейін уақыты болса да күші болмайтындар қалай өзіне әдет қалыптастыра алады? Бүгінгі материалымызда осы туралы ойланып жүргендерге көмектесетін стратегияларға шолу жасаймыз.

Күніне 5-10 минуттан оқыңыз

Мысалы сіз күні бойы жұмыстасыз делік. Былай қарағанда, уақыт жоқ. Жатып алып сағаттап кітап парақтай алмайтыныңыз анық. Ондай кезде микро тәсілден бастаңыз. Яғни күніне 5-10 минуттан ғана оқуға әдеттеніңіз.

  • Жұмысқа бара жатқан жолда автобуста отырып оқыңыз.
  • Түскі ас кезінде тамақтанып болған соң 10 минуттай уақытта кітап оқуға арнаңыз.
  • Жатарда әлеуметтік желіге скролл жасап кортизолды көбейткенше кітап оқыған жақсы.

Мысалы: смартфоныңызға электрон нұсқадағы кітапты жазып алыңыз да, бір жерде кезекте отырғанда не жолда кетіп бара жатып оқи беріңіз.

Аудиокітап тыңдаңыз

Кей адамдар кітап парақтағанды ұнатпайды. Бірақ әдебиеттен мақұрым қалғысы да келмейді. Мұндайда ең жақсы тәсіл — аудиокітап. Қосып қоясыз да, шаруаларыңызбен айналысып жүре бересіз. Әсіресе, үй жинап жүргенде не көлік айдап бара жатқанда аудионұсқа ыңғайлырақ.

«Бір күнде 10 бет оқимын» деп бекініңіз

Бұл тәсілді күніне 5-10 минуттап оқып әдеттенген адамдарға енгізуге болады. Өйткені ол оқуды әдетке айналдырған. Енді оны дамыту керек.  Сол үшін келесі қадам — күніне 10 бет оқу. 

  • Өзіңізге мақсат қойыңыз. Бір күнде кемінде 10 бет оқып бітіріңіз.
  • Ол қалай көмектеседі: 10 бет бір қарағанда көп емес. Оған кететін уақыт та ұзақ деуге келмейді. Десе де осылай аз-аздан оқығанның өзінде айына 300 бет бітіресіз деген сөз. Ал бір кітапта орта есеппен осынша бет болады. Айына бір кітап бітіріп отырсаңыз, керемет емес пе? 

Оқитын кітаптардың тізімін жасап алыңыз

Бір айда не бір тоқсанда оқып тауысқыңыз келетін кітаптардың тізімін жасап қойыңыз.

  • Ол тізімді қалай құрамыз:
    • Бір кітапты тақырыбы не жанрына қызыққаннан таңдасаңыз, екіншісін даму үшін таңдаңыз. Болмаса, біреуі жеке дамуға болса, екіншісі кәсіби машықты дамытуға болсын. 
    • Қанша бет оқығаныңызды есептеп отыратын қолданбаларды пайдаланыңыз. Мысалы Goodreadsсияқты. 
    • Апта сайын қанша оқығаныңызды бақылап отырыңыз. 

Бос уақытта оқуға әдеттеніңіз

Бәрімізде бос уақыт болады. Ештеңе істемей жатқан кезден бөлек, еріксіз күту керек кездер болып қалады. 

  • Дүкенде кезек күтіп тұрасыз.
  • Күту залында отырасыз.
  • Кофехауста кофе ішіп отырасыз.

Міне, осы сияқты бос уақыт пайда болғанда кітап оқысаңыз болады. Біртіндеп нағыз кітапкеміргішке айналып шыға келесіз.

Көрінген жерде кітап тұрсын

Адам көп оқуы үшін кітап көз ұшында барлық жерде көрініп тұруы керек.

  • Телефоныңызда аудиокітаптар мен электрон кітаптар болсын.
  • Сөмкеңізде киндл не қағаз кітап жатсын. 
  • Тіпті ас бөлмесі мен жуынатын бөлмеде де кітап тұрса ештеңе етпейді. Қолыңыз қалт еткенде ашып оқи бересіз.

Кітап оқуды міндет деп қарастырмаңыз. Әйтпесе жалығып кетесіз. 

Көбіне адамдар кітап оқитын әдет қалыптастырамын деп оны міндет деп қарастырып алады. Ал ол бізге кері әсер беруі мүмкін. Сондықтан ойыңызды, фокусты өзгертіңіз. «Оқу керек» деп емес, «оқығым келеді» деп қабылдаңыз.

  • Шынымен қатты қызықтырған кітаптан бастаңыз. «Бәрі оқып жатыр екен» деп өзіңізге қызық емес кітапты бастасаңыз, аяқтамай қалуыңыз мүмкін.
  • Ұнамаған кітапты оқымасаңыз болады. Онда тұрған ештеңе жоқ.
  • Қанша оқығаныңызды, қандай әсер алғаныңызды жазатын оқырман күнделігін бастасаңыз болады.

Жатар алдында кітап оқитын әдет жақсы әсер етеді

Өзіңізге мұны ғұрып қылып қалыптастырып алыңыз. Бұл оқылған кітап санын көбейтіп қана қоймай, ұйқы сапасын да жақсартады.

  • Әңгімелер жинағы, эссе, көркем әдебиет оқыңыз. Ішінде атыс-шабыс емес, көркем шығарма болғаны жақсырақ.
  • Ұйықтар алдында қағаз кітап оқыңыз. Электрон кітап көз ауыртады.

Кітап клубтары мен қауымдастықтарға қосылып алыңыз

Кітап клубына не әдеби қауымдастыққа қосылып алсаңыз, кітапты көбірек оқуға құлшыныс артады. Оған қоса, оқығаныңызды талдап, ой бөлісуге таптырмас тәсіл болады.

  • Онлайн-платформалар: Goodreads, Telegram-каналдар, әлеуметтік желіде түрлі топтар.
  • Офлайн кездесулер: сіз тұратын жерде ондай клуб бары анық. Іздеп тауып, қосылып алмаңыз. Болмаса, өзіңіз құрсаңыз да болады. 

Мақсат қойып, соған жеткенде өзіңізді марапаттап отырыңыз

Кітап оқығанда ойын элементтерін қоссаңыз, тіпті қызық болады.

  • «Бір айда екі кітап оқимын» деген сияқты мақсат қойыңыз.
  • Сол мақсатқа жеткенде өзіңізге сыйлық беріңіз. Көңіліңіз көтеріледі, шабыт аласыз. 

Кітапты уақыты көп адамдар ғана оқиды деп ойламаңыз. Бұл жерде бастысы әдет қалыптастыру ғана. Тіпті қолы тимейтін адамның өзі күніне 5-10 минут уақытын кітапқа арнай алады. Бастысы, кітап оқуды міндет деп емес, күнделікті әдет қылып бекітсе болғаны.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін визионер Илон Масктің сүйікті кітабы туралы жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз