Бауыржан Байбектің әкесі ұйымдасқан қылмыстық топтан мүлік сатып алған

Астана сотында Болат Назарбаевтың оң қолы болған Елдос Қоспаевтың бауыры Айбек Қоспаев 12 жылға сотталды. Қылмыстық іс бойынша 253 беттен тұратын үкім шыққан. Арасында Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбектің аты аталады, деп хабарлайды KursivMedia.
Іс материалдарында Байбектің AV-Construction құрылыс компаниясынан арзан бағаға жылжымайтын мүлік сатып алғаны көрсетілген. Ал бұл компанияны ұйымдасқан қылмыстық топ рейдерлік жолмен басып алған.
«Ұйымдасқан топ басшысы Елдос Қоспаевпен және басқа да тұлғалармен келісе отырып, Алматы қаласы әкімінің әкесі Қыдырғали Байбек пайдасына сеніп тапсырылған, пайдалануға берілген және салынып жатқан жылжымайтын мүлік объектілерін өзіндік құнынан төмен бағаға, яғни кәсіпорын мен оның заңды иелеріне залал келтіре отырып сату туралы шешім қабылданды», – делінген іс материалдарында.
Осылайша AV-Сonstruction компаниясынан үш нысанды бір шаршы метрі үшін 230 мың теңгеден 425 мың теңгеге дейінгі бағаға сатып алған, бұл құрылыстың өз бағасынан әлдеқайда арзан.
Қыдырғали Байбек сатып алған нысандар мынадай:
2019 жылы Қаппаров №116/9 мекенжайында орналасқан аумағы 114,7 шаршы метр пәтерді 43 586 000 теңгеге сатып алған;
2020 жылы Қаппаров 116/24 мекенжайында орналасқан аумағы 121,6 шаршы метр және 97,6 шаршы метр екі нысанды 50 206 027 теңге және 40 464 621 теңгеге сатып алған.
Айта кетейік, Айбек Қоспаев 12 жылға сотталған. Ол кінәлі деп танылған қылмыстық кодекс баптары:
262-баптың 2-бөлігі – Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу;
249-баптың 3-бөлігі 1-тармағы – рейдерлік;
218-баптың 3-бөлігі 2 және 3-тармағы – Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату);
189-баптың 4-бөлігі 1 және 2-тармағы – Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу;
214-баптың 2-бөлігі 1-тармағы – Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет;
233-баптың 2-бөлігі – Көрiнеу жалған сәйкестендіру құралдарын және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын өткiзу мақсатында жасау немесе иемдену, сол сияқты пайдалану немесе өткізу;
194-баптың 4-бөлігі 1 және 2-тармағы – қорқытып алу.
Үкімге сәйкес ол Тимур Танашев, Рауан Бабаев, Дастан Әбіжанов, Елдос Қоспаев, Айдос Қоспаев, Алексей Кузнецов, Оксана Кудряшова, Руслан Шалинмен бірлесіп AV-Construction ЖШС пайдасына мүліктік зиян ретінде 4 628 145 093 теңге өндіріп алынады. Ол да 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал 2025 жылдың қаңтарында ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталған Елдос Қоспаевқа қатысты үкім шығарды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына 11 адам кірген. Олардың арасында Қоспаевтың бауыры Айдос Қоспаев та бар. Судья оны 12 жылға соттады. Одан бөлек қылмыстық топтың төмендегідей мүшелеріне түрлі мерзімге жаза тағайындалды:
Василий Бабушкин – 9 жыл
Руслан Шалин – 12 жыл
Ерлан Имашев – 12 жыл
Дастан Абижанов – 12 жыл
Камардин Алымов – 12 жыл
Алексей Кузнецов – 12 жыл
Тимур Танашев – 12 жыл
Рауан Бабаев – 12 жыл
Оксана Кудряшова – 10 жыл.