
Іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркияда ұсталды. Бұл туралы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген.
Осыған байланысты Түркияның құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген.
Биыл ҰҚК оның нақты болған жерін анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары оны Анталия қаласында ұстады.
2025 жылдың 9 мамырында Анталия қаласының соты Талғат Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады және ол қазір қамауда отыр.
Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты «Астана LRT»-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданды лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл жолы Ардан 9 жылға сотталып, 85 млрд теңге төлеуге міндеттелді.
LRT құрылысы
Үкімет жоспары бойынша Астана LRT құрылысы 2011 жылы басталып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қарай аяқталуы тиіс еді. Бірақ құрылысты аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріліп, пайдалануға әлі берілген жоқ.
2022 жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке LRT жобасын біржақты қылуды тапсырды. Президент оны «кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды» деп сынап, «сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба» екенін айтты.
Жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын LRT жобасының құны әу баста 1,9 млрд долларды құрайтыны айтылған. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жеңіл рельсті көлік жолының құрылысы 2024 жыл соңында аяқталады деп мәлімдеді. Келер жылдың басында елорда тұрғындары LRT-тың игілігін көруі тиіс.
2023 жылы бұл жобаға Үкімет 52,4 млрд теңге құйды. Бұл қаржы Ұлттық қордан алынған. Көлік министрі Марат Қарабаев биыл 45 млрд теңге бөлу жоспарланғанын, тағы 150 млрд теңге ақша керек екенін мәлімдеген. Алайда 2025-2026 жылдарға бюджет әлі қарастырылмаған.
Қазір жобаны Сity Transportation Systems ЖШС жүзеге асырып жатыр.