
Елімізде жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы кезең-кезеңімен аяқталады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
«Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы қатысушыларының 81%-ы жеңілдетілген ипотекаға өтініш берді. 2025 жылдан бастап жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы кезең-кезеңімен аяқталады», – делінген ақпаратта.
Ресми ақпаратқа сәйкес, бағдарлама қатысушылары жалдау шартында көрсетілген мерзімнің аяқталуына байланысты мемлекеттік пәтерден шығып жатыр.
«17 өңірде «Отбасы банкімен» бірлесіп жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10-20%-ын, жылдық мөлшерлеме өңірге байланысты 5-9%-ды құрайды», – деп хабарлады министрлік.
Қазірге дейін «Отбасы банк» АҚ филиалдарына 2026 адам жүгінген. Бұл – жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың жалпы санының 81%-ы.
Нәтижесінде 647 адамға несие берілді, 321 адам баспана іздеп жатыр. Қалған қатысушылар төлем қабілетін анықтап жатыр.
Айта кетейік, мүгедектігі бар адамдар мемлекеттен алған үйін тегін жекешелендіре алады. Бұл І және ІІ топтағы еңбекке жарамсыз, төлем қабілеті жоқ мүгедектерге қатысты болып отыр.