Асхат Оразбек цифрлық даму вице-министрі қызметінен босатылды

Асхат Оразбек цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметінен босатылды.
Министрліктің түсіндіруінше, Оразбек қызметінен өкілетінің аяқталуына байланысты босатылған.
Ол бұл қызметке 2019 жылы тағайындалып, 6 жыл бойы атқарған.
Асхат Оразбек Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің математика, инженер-бағдарламашы мамандығы бойынша түлегі.
Еңбек жолын 1995 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Қолданбалы математика институтында «Компьютерлік математикалық физика» зертханасының инженері ретінде бастаған.
Әр жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттандыру бөлімінің сектор меңгерушісі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар», «Зерде» ҰИКХ, «ҚазТрансОйл», «Транстелеком» АҚ-дарында, ҚР Блокчейн мен криптотехнологияларды дамыту қауымдастығында басшылық қызметтерді атқарды.
2019 жылғы сәуірде ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице – министрі болып тағайындалған.
Асхат Оразбек вице-министр болып тұрғанда бірнеше екіұшты мәлімдемесімен есте қалды. Ол ұялы байланыс саласында бәсекелестікті арттыру үшін нарыққа жаңа ойыншы кіргізілуі мүмкін екенін айтып, кейін нақты ондай жоспар жоқ деп шыққан.
Кейін байланыс тарифтерінің өсуі қарапайым адам ретінде өзіне де ұнамайтынын, алайда байланыс операторларын да түсінетінін жеткізген.
Елде үш ұялы оператор ақпан айының ортасынан бастап мобильдік тарифтерді қымбаттатқан.