
Қоғамдық белсенді Юлия Нестерова Алматының Бағанашыл ықшамауданында орналасқан Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қайтадан орталықтан шығып қалу қаупі төнгенін хабарлады.
«Жөндеуді қасақана жүргізбей отыр»

Белсенді балалар үйінің құбырларынан су ағып, жертөлесінің қабырғалары сөгілгелі тұрғанына қарамастан, басшылық оларды жөндеуге асықпайтынын айтады. Ол орталық басшылығы әдейі жөндеу жұмыстарын жүргізбей, ақыры ғимаратты тұруға жарамсыз деп танып, ондағы тәрбиеленушілерді шығарып жібере ме деп қауіптенеді.

Юлия Нестерова өз бетінше мемлекеттік сатып алулар порталын ақтарып, балалар үйін жөндеуден өткізуге ешқандай конкурс жарияланбағанын көрген. Бұл оның күдігін қоюлата түскен.
«Балалар үйін қасақана жөндемей, оны жарамсыз күйге дейін жеткізбекші. Ақша бөлмей келеді. Шамасы түгел қирағанын күтіп отыр. Олар “балалар осында қалады» деген уәделерін орындамайтын сияқты”, – деді қоғамдық белсенді алаңдаушылығын жеткізіп.
Балалар үйінің басшылығы не дейді
Алайда Алматы облыстық №1 балалар үйі директорының орынбасары Жұмагүл Батталова белсендінің күдігі орынсыз екенін айтады.
Оның сөзінше, балалар үйіне ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін смета толтырып, Алматы облыстық Білім басқармасына тиісті өтінім жолданған. Енді сол жақтан хабар күтіп отыр.
«Жөндеу жүргізуді өзіміз де күтіп отырмыз. Қаржы сұрап өтініп жолдап қойдық. Жылыту жүйесін күзге дейін жасап алуымыз керек. Қазірдің өзінде септиктер толып, оны өз қаржымызға сорғызып жатырмыз. Ақша қалай бөлінеді, солай жөндеуді бастаймыз», – деді балалар үйі директорының орынбасары.
Жұмагүл Батталова «балалар үйінен тәрбиеленушілер шығарылады» деген әңгіме қауесет екенін мәлім етті. Тіпті қазірдің өзінде түрлі жағдайға тап болған барар жері жоқ балалар уақытша паналауға келіп, көп жағдайда тұрақты негізге қалып қоятынын атап өтті.
Оның дерегінше, бүгінде балалар үйінде 171 тәрбиеленуші бар, олардың 123-і орталықтың тұрақты тәрбиеленушісі болса, қалғаны уақытша паналаған балалар.
Орталық басшысының орынбасары «балаларды басқа жаққа көшіру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ» деп сендірді.
Бұл Алматының әсем де қымбат ауданы – Бағанашылда орналасқан Алматы облыстық №1 балалар үйінің айналасындағы алғашқы шу емес. Наурыз айында тәрбиеленушілер желіде үндеу жариялап, өздерін Қонаев қаласына көшіргелі жатқанын айтқан. Ал орталықты сүріп, орнына тұрғын-үй кешенін салады-мыс деген сөз тарағанын мәлімдеген. Кейін тәрбиеленушілермен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева кездесіп, орталықта бұрыннан тәрбиеленіп жатқан балалар сол жерде қалатын болып шешілген. Ал «орталық жері жеке қолға өтіп кетті» деген ақпаратты жоққа шығарған.
KursivMedia балалар үйін жөндеуден өткізуге жіберілген өтінімнің жайын білу үшін Алматы облысы Білім басқармасына сауал жолдайды.