Араб инвесторы Астана әуежайында жолаушылар терминалын салады

Terminals Astana Airport Limited компаниясы Астана халықаралық әуежайын дамытуға 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Инвестициялық жоба аясында не салынады?
Жаңа инвестициялық келісім аясында үшінші жолаушылар терминалы, екінші ұшу-қону жолағы мен жүк терминалы (cargo) салынады.
Бұдан бөлек, арнайы техника паркі жаңартылып, автоматтандыру жүйелері енгізіледі. Әуежай қызметкерлері халықаралық стандарттарға сай оқытылып, біліктіліктері кезең-кезеңімен арттырылатын болады.
Инфрақұрылымдық даму жоспары
Инвестор тек негізгі әуежай нысандарын ғана емес, сонымен қатар көпфункционалды аэротрополис кешенін дамытуды көздеп отыр. Бұл кешен мыналарды қамтиды:
- Индустриялық және логистикалық аймақ;
- Қонақ үйлер мен сауда алаңдары;
- Көлік-логистикалық терминалдар;
- Іскерлік кластерлер,
Мұндай жобалар тек әуежайдың өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, бүкіл өңірдің инвестициялық және логистикалық тартымдылығын күшейтеді.
Сондай-ақ Көлік министрлігі мен БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар техникалық білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ халықаралық автотасымалды дамытуға ниетті.
Жақын арада Қазақстан мен БАӘ арасында халықаралық автомобиль тасымалына қатысты Үкіметаралық келісімге де қол қойылуы жоспарланып отыр.
Terminals Astana Airport Limited — БАӘ-нің Terminals Holding құрамына кіретін компания. Холдинг Азия мен Африка нарығында жұмыс істейді және Abu Dhabi Ports сияқты ірі логистикалық және өнеркәсіптік құрылымдармен байланысты.
Бұған дейін, 2023 жылы күзде алғашқы келісім жасалып, компания ұшу-қону жолағын жөндеуге міндеттелген болатын. 2025 жылдың басында Астана әуежайы қаланың коммуналдық меншігіне өткен.