Қазақстанда мұнай өндіретін қытайлық компанияның пайдасы екі есе қысқарған

Ақтөбе облысында мұнай өндіретін «КМК Мұнай» компаниясы 2024 жылы 3,4 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе аз. 2023 жылы компания 6,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтында жарияланған қаржы есебінде көрсетілген
Пайда неліктен азайды?
Компанияның салық салынғанға дейінгі пайдасы 2023 жылғы 11,2 млрд теңгеден 4,9 млрд теңгеге дейін қысқарған. Яғни, бір жылда 55 пайыз азайды.
Ал жалпы түсімі айтарлықтай өзгермеген – 57 млрд теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда бар болғаны 3%-ға аз. Алайда өнімнің өзіндік құны күрт өсіп, 32 млрд теңгеге жеткен. Бұл 18,5%-ға артқан шығын компанияның таза табысына тікелей әсер еткен.
2024 жыл нәтижесінде «КМК Мұнай компаниясының актив көлемі 100,3 млр теңгеге тең. Ал міндеттемелері міндеттемелері 56,4 млрд теңгені құраса, капиталы – 43,9 млрд теңге
Компанияның иесі кім?
«КМК Мұнай» Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай және Мәртөк кен орындарында мұнай өндіреді. Компания 2004 жылы құрылған және содан бері бірнеше рет меншік құрылымын өзгерткен.
Бүгінде компанияның 50 пайыз үлесі «СНПС-Ақтөбемунайгаз» компаниясына тиесілі. Ол оны 2013 жылы Yukon Energy Holding компаниясынан сатып алған. Бұл — CNPC (Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы) компаниясының еншілес ұйымы.
Қалған үлесі — Панамада тіркелген Yukon Energy Holding компаниясына тиесілі. Yukon компаниясының артында Қытайдың CITIC Group және Suntime Group компаниялары тұр.
2024 жылы «Көкжиде» құмында орналасқан мұнай компаниялары мен экологтар арасындағы дау мұнай компанияларының пайдасына шешілді. Компаниялардың үстінен Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті мен прокуратура Көкжиде су қорын ластағаны үшін шағым түсірген.
Алайда аппеляциялық сот экологтардың «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚМК Мұнай» АҚ, «Ада Ойл» ЖШС және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-не қатысты шағымдарын қанағаттандырмады.