«Самұрык-Энерго» 200 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы (ЖАП) «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының алдағы 10 жылда іске асыруды көздеп отырған 25 жобасының сәтті болатынына күмән бар. Бұл туралы палата сейсенбі күні таратқан есебінде мәлімдеді.
10 жылда – 4 жоба
Аудиторлардың дерегінше, соңғы 10 жылда «Самұрық-Энерго» тобы бар болғаны 4 жаңа жобаны іске асырған. Ал компания 2024 жылы қабылдаған даму стратегиясында 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Палата мұны шынайы мақсат емес деп санайды.
199 млрд теңге – тиімсіз шығын
ЖАП есебінде тоқтап қалған жобаларға 199 млрд теңге шығын кеткені жазылған. Ең ірі жобалар қатарында:
- Балқаш ЖЭО құрылысы – 102 млрд теңге;
- Екібастұз ГРЭС-2 станциясының №3 энергия блогы – 61,2 млрд теңге.
Бұл жобалар тоқтап қалғанына қарамастан, қомақты қаржы жұмсалған.
Сәуірде «Самұрық-Энерго» АҚ 2024 жылғы қаржы есебін жариялады. Құжатқа сәйкес, компания былтыр таза пайдасын екі есе арттырған. 2023 жылы компания 57,4 млрд теңге таза пайда тапса, былтырғы таза пайдасы 112,9 млрд теңгеге жетті. Таза пайдадан 20,6 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін аудиторлық палата Қазақстанда 4,5 мың энергетик маман жетіспейді деп мәлімдеді.