
Астанада 13–15 мамыр күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында пара дзюдодан әлем чемпионаты – IBSA Judo World Championships өтеді. Бұл – төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын, пара дзюдо спортындағы ең беделді дода.
Чемпионатта 40 елден келген 350-ден астам спортшы бақ сынайды. Олардың қатарында 15 Паралимпиада чемпионы мен жүлдегерлері бар. Жарысты Халықаралық зағиптар спорт федерациясы (IBSA) ұйымдастырып отыр. Сонымен қатар, бұл турнир арқылы спортшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу үшін маңызды рейтингтік ұпайларды жинайды.
Қазақстан құрамасы атынан бұл жарысқа Ақмарал Науатбек, Ерғали Шәмей, Даяна Федосова, Жұрқамырза Шүкірбеков сынды тәжірибелі спортшылар қатысады. Құрама сапында Токио мен Париж Паралимпиадаларында еліміздің атын биікке көтерген спортшыларымыз бар.
Айта кетейік, Ақмарал Науатбек 2024 жылғы Париж Паралимпиадасында алтын жүлде жеңіп алып, Қазақстан туын көкке желбіретіп, ел намысын асқақтаған еді. Бұдан бөлек Парижде күміс медаль еншілеген Ерғали Шәмей мен қола медаль алған Даяна Федосова, Зарина Райфова және Жұрқамырза Шүкірбеков бар.
Чемпионатта сондай-ақ әлемдік пара дзюдодағы жұлдыздар — Алана Мартинс Мальдонадо (Бразилия), Южито Широ (Жапония), Флорин Болога (Румыния), Шерзод Намозов (Өзбекстан), Ибрахим Бөлүкбашы (Түркия) сияқты атақты спортшылар белдеседі.
Чемпионат кестесі:
- 13 мамыр (дүйсенбі): 09:00–16:00 – Іріктеу белдесулері
16:30 – Ашылу салтанаты
17:00 – Финалдық белдесулер - 14 мамыр (сейсенбі):
10:00–13:30 – Іріктеу белдесулері
15:00 – Финалдық белдесулер - 15 мамыр (сәрсенбі):
10:00–15:30 – Командалық сайыс
Астанадағы жанкүйерлер әлемдік доданы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында тегін барып тамашай алады. Сондай-ақ, Qazsport телеарнасы мен YouTube арқылы тікелей эфир көрсетіледі.