Алматыда шомылу маусымы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Алматы қаласында және тау бөктеріндегі аймақтарында орналасқан 44 су айдынының тоғызы суға түсуге қауіпті деп танылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Қауіпті су айдындары қатарына мыналар кіреді:
- Үлкен Алматы өзені (Шаңырақ және Дархан ықшам аудандары) – Алатау ауданы;
- Үлкен Алматы өзені (Әл-Фараби – Науаи қиылысы) – Бостандық ауданы;
- Первомай тоғандары (Кемел ықшам ауданы) – Жетісу ауданы;
- Кіші Алматы өзені (Бутаковкаға бұрылыс) – Медеу ауданы;
- Юннат көлі – Медеу ауданы;
- Қарасу ықшам ауданындағы тоған – Алатау ауданы;
- Әуежай маңындағы көл – Түрксіб ауданы;
- Қарасу өзенінің тармақтары (Шестуха) – Түрксіб ауданы.
Рұқсат етілген шомылатын орындар:
Қала тұрғындарына тек 4 арнайы жабдықталған орында суға түсуге рұқсат етілген:
- Сайран көлінің батыс және шығыс бөліктері;
- «Гүлдер» демалыс аймағы;
- Баума тоғайының жағажай аумағы.
Алайда қазіргі таңда бұл су айдындарының көпшілігі толығымен суға толмаған. Сайран көлінің маңында былтыр басталған абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналында күрделі жөндеу жүргізу жоспарда тұр.
Қалалық ТЖД мәліметінше, өткен жылы су жанындағы тәртіпті бұзғаны үшін 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ең қауіпті жеті су айдынының маңына интеллектуалды бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл камералардан алынған бейнежазбалар ТЖД және РОСО (құтқару қызметі) мамандарының компьютерлері мен мобильді құрылғыларына нақты уақыт режимінде түсіп отырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сайран көліндегі жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын жазған едік.