20 жыл бұрын америкалық отбасы асырап алған қазақ қыздары елге оралды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Америкалық отбасы асырап алған қазақ қыздары елге оралды / фото: shutterstock

Қарағандыдағы балалар үйінен 2005 жылы асырап алынған бес қазақ қызы 20 жылдан кейін Қазақстанға оралды. Қазіргі таңда қыздар АҚШ-та тұрады, бірақ тарихи Отанына деген сағыныш Астанаға алып келді. Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлады.

Бес бойжеткенді сол кезде америкалық Шерон есімді әйел асырап алған. Шеронның өзінің екі туған ұлы бар. Шерон қыздарды тәрбиелеп, өсіріп, үлкен өмірге бағыттаған. Енді олар Қазақстанға саяхаттап келіп отыр. Бұл — қазақ қыздары үшін өткенмен қайта қауышып, өз тамырын танып-білуге жасалған алғашқы қадам.

Сапар бірнеше аптаға жоспарланған. Қонақтар еліміздің тарихымен, мәдениетімен танысып, өздерінің туған жерін көруге мүмкіндік алады. Бұл ерекше кездесуді төрт жылдан бері отбасымен байланыста болған медиаменеджер Гүлмира Дайрабаева ұйымдастырды.

Қыздардың бірі, Сүйкімді есімді бойжеткен, сапардың әсерімен бөлісті:

«19 жылдан кейін алғаш рет әпкеммен кездестім. Бізді қазақ дәстүріне сай қарсы алды. Баурсақтың дәмі есіме түсті. Калифорнияда да ұлттық тағамдар сататын дүкендер кездесетін, бірақ атауларын есімде сақтамадым», — деді Сүйкімді.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында 9 мыңға жуық этникалық қазақ елге оралғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз