Бішкектегі мектептің біріне Кемел Тоқаевтың есімі берілді

Қырғызстан астанасы Бішкектегі №33 мектеп-гимназиясына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, жазушы Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді.
Алагөзовтің айтуынша, бұл бастама Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа тиесілі. Сондай-ақ Жапаров бұл жаңалықты Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресейге жасаған жұмыс сапары барысында хабарлаған.
Кемел Тоқаев — қазақ детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Бішкектегі (сол кездегі Фрунзе) жаяу әскер училищесінде оқыған. Қазіргі №33 мектеп орналасқан ғимаратта дәл сол кезде әскери оқу орны болған. Осы училищеден Кемел Тоқаев майданға аттанған екен.
Бұған дейін, Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей архивінен табылған гвардия сержанты Кемел Тоқаевты марапаттау парағын табыстаған еді.