Q-pop әлемінен абақтыға дейін: Mad Men тобының мүшелері түрмедегі өмірін көрсетті

Жарияланды 13 Мамыр 2025 15:05

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
mad men
Mad Men тобының әншілер түрмедегі өмірін көрсетті / фото: ntk.kz

Қазақстандық танымал Q-pop тобы – Mad Men мүшелері, есірткі қылмысы үшін сотталғаннан кейін, қылмыстық-атқару жүйесінде түсірілген деректі фильмнің кейіпкеріне айналды. Бұл фильмді ҚР ІІМ ҚАЖК қолдауымен 1806 MEDIA YouTube арнасы жарыққа шығарды.

Бейнероликте бір кездері үлкен залдарды жинап, концерт қойған орындаушылардың темір тордың ар жағынан үн қатқаны, тағдырларының күрт өзгергені көрсетіледі.

«Жарқыраған сахнадан – тар қапасқа дейін. Бір сәттік қателік қалайша биіктен құзғынға құлатуы мүмкін? Әдемі бетперденің ар жағында өрбіген көлеңкелі бизнес немен аяқталады?» – делінген фильм сипаттамасында.

Колония ішінде түсірілген кадрлар арқылы бұрынғы әртістер алғаш рет сот үкімі шыққаннан кейін болған жайтқа өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік алды. Кейбірі есірткіні өзі де қолданғанын мойындады.

Топтың бұрынғы мүшесі Әлімұрад Ибраимов қателігін мойындап, жастарға үндеу жолдады:

«Есірткі – жамандық. Қызығушылықпен, жай бір-екі рет деп басталуы мүмкін. Бірақ бәрі сол бір реттен-ақ басталады. Оңай олжа болмайды. Басына қиындық түскен шағында туыстарыңнан басқа ешкім қалмайды, – деп ағынан жарылды экс-әнші.

Еске салайық, 2021 жылдың сәуірінде Алматы қаласы полициясы есірткі таратумен айналысқан 10 адамнан тұратын қылмыстық топтың жолын кескен еді. Ұсталғандар қатарында Mad Men тобының екі мүшесі де бар болып шықты.

2022 жылдың сәуірінде сот үкімі шығып, үш адам 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған мүшелері 15 жыл 3 ай мерзімге сотталды.

Mad Men – Q-pop жанрын танытқан алғашқы топтардың бірі ретінде танылған.

Сондай-ақ оқыңыз