Еуропа көшбасшылары пойызда есірткі қолданған ба? Франция билігі түсініктеме берді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Макрон, Мерц, Стармер / фото: BBC

Неміс канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер және Франция президенті Эммануэль Макрон Киевке бағыт алған пойызда бірге отырған бейнежазбаға байланысты әлеуметтік желілерде түрлі алып-қашпа әңгімелер тарады.

AFP агенттігінің YouTube-арнасында жарияланған бейнежазбада Макрон мен Мерц журналистер алдында суретке түспес бұрын үстел үстінен бір заттарды тығып жатқандары байқалады. Осы сәт кейбір қолданушылар тарапынан күмән тудырып, саясаткерлердің үстелде есірткі заттарының қалдықтарын жасыруға тырысқанын болжады.

Тіпті Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова бұған байланысты мәлімдеме жасап, «кокаиннан қалған пакет» пен «есірткіге арналған арнайы қасықша» деп, Франция, Германия және Ұлыбритания көшбасшыларын кекесінмен сипаттады:

«Француз, ағылшын және неміс пойызға отырып… шекті. Журналистер келер алдында керек-жарақты жинап үлгермепті», — деп жазды Захарова.

Бұл қауесеттерге жауап ретінде Елисей сарайы Х әлеуметтік желісінде ресми мәлімдеме жасап, екі сурет жариялады: бірінде — жай ғана мұрын сүртуге арналған ақ орамалдың жақыннан түсірілген көрінісі, екіншісінде — көшбасшылар үстелге жақындап келе жатқан сәті.

«Бұл — мұрын сүртетін орамал» делінген хабарламада.

Франция билігі бұл жағдайды Еуропа елдерінің ынтымақтастығына қарсы бағытталған дезинформация деп бағалап отыр.

«Еуропа бірлігіне қауіп төнген сәтте, жалған ақпарат шектен шығып, қарапайым орамалды есірткі затына айналдырады. Бұл фейктер — Францияның ішкі және сыртқы жауларының ісі. Біз мұндай манипуляцияларға алданып қалмауымыз керек», — делінген сарай мәлімдемесінде.

Айта кетейік, Еуропа көшбасшылары 9 мамыр күні Украина астанасы Киевте бас қосқан еді. Сондай-ақ бұған дейін Зеленский мен Путин Ыстамбұлда келіссөз жүргізуге ниетті екенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз