АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтар елге қайтарыла ма

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
АҚШ мигранттар
Трамп АҚШ-тағы мигранттарға тегін билет пен $1000 бонус ұсынды / фото: shutterstock

АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандық мигранттар енді өз еркімен елге оралу мүмкіндігіне ие. 2025 жылғы 10 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы жарлыққа қол қойып, заңсыз мигранттар үшін елден ерікті түрде шығуға арналған бағдарлама іске қосылғанын мәлімдеді.

Бұл бастама аясында АҚШ аумағындағы заңсыз мигранттар, соның ішінде қазақстандықтар да, арнайы CBP Home атты мобильді қосымша арқылы билеттерін алдын ала брондап, тегін ұшуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мигранттарға $1000 көлемінде қаржылай сыйақы қарастырылған.

«Бүгін мен Америка тарихындағы алғашқы өз еркімен депортациялау бағдарламасын бастау туралы жарлыққа қол қойдым. Кез келген адам жай ғана әуежайға келіп, тегін билет ала алады», — деді Трамп Truth Social желісінде.

Бұл бағдарлама арқылы елге қалай қайту керектігі мен толық ережесімен AҚШ-тің ішкі қауіпсіздік департаментінің сайтында танысуға болады.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі

Қазақстан тарапы бұл бағдарлама АҚШ билігі тарапынан жүзеге асырылғанын растады.

«Чартерлік рейс ұйымдастыру мәселесі зерделеніп жатыр және қажет болған жағдайда АҚШ-тың құзырлы органдарымен талқыланады», — делінген министрлік жауабында.

Сонымен бірге, СІМ Қазақстан азаматтарын осы бағдарламаға қатысып, заңсыз миграция салдарынан туындауы мүмкін қауіп-қатерлерден сақ болуға шақырды.

Трамптың айтуынша, егер заңсыз мигранттар бұл мүмкіндікті пайдаланбаса, оларға айыппұл, түрмеге қамау, мүлкін тәркілеу, тіпті кез келген елге мәжбүрлі түрде депортациялау шаралары қолданылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер де елге келетін мигранттарды азайтуға бағытталған жаңа реформа жариялаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз