
Соңғы қоңырауға ақша жинауға және мұғалімдерге сыйлық беруге мектептерде тыйым салынып жатыр. Бұдан бөлек, басқа да қатаң шаралар бар.
2024–2025 оқу жылының соңында өтетін «Соңғы қоңырау», қорытынды аттестаттау және басқа да мектепішілік іс-шараларға байланысты бірқатар талаптар мен ережелер енгізіліп отыр.
Басты тыйымдар
Мектеп басшылығының талабынша, сыйлық немесе ақшалай алғыс беруге болмайды. Тек «ризашылық сөздермен» және «алғыс хаттармен» шектелуі тиіс. Мұғалімдерге немесе мектеп әкімшілігіне сыйлық беруге қатаң тыйым салынған. Оның ішінде, оқушыларынан мектеп қажеттіліктеріне орай ақша жинау да бар. Мектеп ішіндегі жөндеу немесе тазалық жұмыстарына қаражат жинау да орынсыз.
Кемсітуге жол берілмейді
Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан балалардың көңіл-күйіне де мән берілмек. Соңғы қоңырауға ақша жинауға тыйымның бір мақсаты осында жатыр.
«Сыйластық пен тәртіпке сай емес әрекеттер жол берілмейді. Жекелеген оқушыларды бөліп-жаруға, материалдық жағдайға байланысты кемсітуге жол берілмейді», – делінген нұсқаулықта. Тәртіпке сай емес әрекеттер деп дауыс көтеру, рұқсатсыз сөйлеу, өз бетінше шешім қабылдау көрсетіліпті.
Мейрамхана, авто шеру өткізуге болмайды
Мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары, саябақтар мен автокөлік шерулерін ұйымдастыруға рұқсат жоқ. Сынып ішінде дастарқан жаюға немесе ата-аналардан қосымша ақша талап етуге болмайды.
«Соңғы қоңырау» шарасына тек оқушының бір заңды өкілі ғана қатыса алады.
Осы оқу жылының соңғы қоңырауы 23-ші немесе 24 мамыр күні соғылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.