Жаңалықтар

Үй сатқандарға салық салынатын болады

Бұл пайда табу үшін  үй сатқандарға қолданылады / shutterstock
Бұл пайда табу үшін үй сатқандарға қолданылады / shutterstock

Үй сатқандарға салық салынбақ. Қазақстанда келесі жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі осыны көздейді.

Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Оның ішінде жылжымайтын мүлік мәмілесі де бар. Енді нысанға иелік етудің ең аз мерзімінің шегі екі есе ұлғайтылмақ. Бұл межеден асқан соң ғана, салықсыз сатуға болады.

Екі жылдан соң пәтерін қайта сатқандар салық төлейді

Қазір жаңа сатып алған үйіңізді бір жылдан кейін қайта сатуыңызға рұқсат. 2026 жылдан бастап, екі жылдан кейін ғана салық төлемей сата аласыз. Бұл пәтерлерді алып сатарларға, пайда табу үшін үй сатқандарға қолдануды көздейді.

Пайдасына қарай салық өсе түседі

Мәселен, пәтерді арзан бағаға алып, үстіне 10 миллион теңге қойып, пайда тауып жүргендер бар. Енді олар 1 миллион теңге, яғни табысының 10 пайызын салық ретінде төлеуге мәжбүр болмақ. Ал пайдасы өскен сайын салығы да өсе түспек. Ондайларға 15 пайызға дейін салық салыну қарастырылып жатыр.

Басқа да мүліктерге де салынады

Бұл тек пәтерлерге, жеке үйлерге ғана қатысты емес. Саяжай, көлік тұрағы, шаруашылық және басқа да мүліктерге де осындай салық салынады.

Сонымен қатар, айына 3 млн теңге айлық алатындар салықты да көп төлейтін болады.