
АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына байланысты елге қарсы жаңа санкциялар енгізді. Бұл жөнінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің сайтында жазылған. Қазір екі ел арасында келіссөздер жалғасып жатыр, соған қарамастан санкциялар пакеті жарияланып отыр.
Шектеу шаралары Иранның Fuya Pars Prospective Technologists ұйымына және оның үш жоғары лауазымды қызметкеріне салынған. Ол компания Иранның Қорғаныс инновациялары мен зерттеулер ұйымымен байланысы бар деп есептейді. Сондықтан АҚШ Мемдепартаменті аталған ұйым мен тұлғалардың кез келген активтерін бұғаттап, олармен іскерлік қарым-қатынас жасауға тыйым салды.
«Иран өз ядролық бағдарламасын кеңейтіп, ядролық қару мен оны жеткізу жүйелеріне қолдануға болатын қосымша зерттеулер мен әзірлемелер жүргізуді жалғастырып отыр», – деді бұл туралы мемлекеттік хатшы Марко Рубио.
2015 жылдағы ядролық келісім бойынша, 3,67% деген шекті деңгей белгіленген. Рубионың сөзінше, Иран – ядролық қаруы жоқ, бірақ уранды 60%-дық деңгейге дейін байытатын жалғыз ел. Бұл 10 жыл бұрынғы келісімнен едәуір асып түседі.
Сәуірдің басында Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасында келіссөздер жүріп жатқанын хабарлаған еді.
Ал 11 мамырда Оманда АҚШ пен Иран арасындағы бейресми келіссөздердің төртінші кезеңі аяқталды. Иранның Сыртқы істер министрлігі бұл кезеңді «күрделі, бірақ бір-бірін түсінуге пайдалы» деп сипаттады. Қос тараптың өкілдері алдағы уақытта тағы кездеспек.