
Еуропалық қайта құру және даму банкі 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) жайлы болжамын төмендетті. Бұған дейін қаржы ұйымы экономикалық өсім 5,2% болады десе, енді оны 4,9%-ға дейін түсірді. Ал 2026 жылы елдің ЖІӨ 4,5% деңгейінде қалады деп болжады.
Сарапшылардың түсіндіруінше, осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан экономикасының 8,3% өсім көрсеткеніне Теңіз кен орнының кеңеюі себеп болған. Chevron компаниясы Теңіз кен орнын игеруді кеңейтіп, Қазақстанда тәулігіне мұнай өндіру көрсеткіші рекордтық деңгейге жеткен еді.
Бірақ мұндай өсім ОПЕК+ келісіміндегі міндеттемелермен, соның ішінде 2024 жылғы артық өндіріске байланысты өтем шараларымен сәйкестендірілуі қажет. OPEC-тің бірнеше ескертуінен кейін Қазақстаннан экспортталатын мұнай көлемінің төмендегені байқалған.
Бұдан бөлек сарапшылар Қытай тарапынан қазақстандық мұнай, металл және басқа да тауарларға сұраныстың төмендеуі экономикаға кері әсер етуі мүмкін деп есептейді. Ал инфляцияның жоғары деңгейі мен қатаң ақша-несие саясаты ішкі тұтынушылықты әлсіретуі ықтимал.
Күні кеше ғана Ұлттық экономика министрлігі жыл басынан бері Қазақстан ЖІӨ 6%-ға өсті деп мәлімдеген. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 5,8% болған еді.