Қазақстанның жер қойнауында қанша алтын мен мыс бар

Қазақстанда жер қойнауын геологиялық-геофизикалық зерттеудің мемлекеттік бағдарламасы аяқталды. Бұл жоба 2019-2024 жылдарға арналған еді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, алты жыл ішінде 2,014 млн шаршы метр аумаққа геологиялық барлау жүргізілген. Бұл жоспарланған аумақтың 91,6% құрайды.
Қазақстанда қанша қазба байлық бар?
Барлығы 112 учаскеде жұмыс жүргізілген. Соның ішінде белгілі болған ресурстар:
– сирек жер металдары – 2,6 млн тонна
– мыс пен никель – 3,7 млн тонна
– қоңыр көмір – 1,1 млрд тонна
– алтын – 19 тонна.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында геологиялық барлауға 306 лицензия берілген. Оларға жалпы 137 млрд теңгеден аса инвестиция салынды.
«Қазақстан геологиялық барлау жұмыстарының сапасы мен жер қойнауын пайдаланудың ашықтығы бойынша Орталық Азияда көшбасшы болуға бет алды. Қалған 200 мың шаршы метрді қамтитын бағдарлама 2025-2026 жылдары жалғасады. Назар оңтүстік және батыс аймақтарға, оның ішінде Сырдария бассейніне және сирек металдар бойынша перспективалы аймақтарға аударылады», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Қазақстан үшін жаңа ресурстардың табылуы өте маңызды. Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Шығыс Қазақстан обылысындағы кен орындары сарқылып жатыр деп мәлімдеген еді.