Қазақстанда 4,5 мың энергетик маман жетіспейді

Қазақстанда энергетика саласында білікті мамандар тапшы. Осы саладағы мемлекеттік саясаттың қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқанын тексерген Жоғары аудиторлық палата осылай деп хабарлады.
Аудиторлар Энергетика министрлігі, «Самұрық-Энерго» АҚ, KEGOC АҚ, «Электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық операторы» ЖШС, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС және басқа нысаналарға тексеріс жүргізген.
Есепке сүйенсек, осы салада 4,5 мың энергетик маман жетіспейді. Білікті кадрлардың аз келуіне төмен жалақы мен жастардың бұл мамандыққа деген қызығушылығы жоқтығы әсер етеді.
«Мұның бәрі қолданыстағы қуат көздерін жаңғыртуға, жаңа қуат көздерін салуға және білікті кадрларды ұстап қалуға кедергі келтіреді», – деп жазылған ЖАП-тың қорытындысында.
Құрал-жабдықтар тозған
Кадр жетіспеушілігінен бөлек тағы да маңызды мәселелер бар. Ол – құрал-жабдықтардың тозуы. Орта есеппен қуат өндіруші орталықтардағы құрылғылардың 55%-ы мен электрмен жабдықтау желілерінің 76%-ы ескірген. Көптеген станция кеңес одағы кезінен жұмыс істеп тұр, жыл сайын апат болу қаупі өсіп жатыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 233 электрстанциясы электр энергиясын өндіреді. Бірақ республикадағы электр қажеттілігінің 78%-ын жылу электрстанциялары жабады.
ЖАП есебінде жазылғандай, өңірлерде де энергияны өндіру мен тұтыну үлесі тең емес. Қуат көздерінің басым бөлігі солтүстік энергетикалық аймақта орналасқан, бірақ оңтүстік аймақтар көбірек тұтынады. Жалпы алғанда, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарын ғана энергетикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ете
Күні кеше ғана Солтүстік Қазақстандағы «Солтүстік-Қазақстан электржелісін тарату компаниясы» АҚ электр энергиясының тарифін көтермекші екенін хабарлады.