Жаңалықтар

OPEC+ жеңді ме: Қазақстан мамырда мұнай экспорттауды азайтады

Қазақ мұнайы шетелге аз экспортталады / фото: shutterstosk

Каспий құбыр желісі консорциумы мамыр айында Қара теңіз арқылы тәулігіне 1,5 млн баррель шикі мұнай (CPC Blend) экспорттайды. Бұл туралы Reuters дереккөздер мәліметіне сүйене отырып хабарлады. OPEC+ талабы орындалады.

Өткен айда тәулігіне 1,6 млн баррель экспортталған. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы осы мұнай құбыры арқылы шетелге экспортталады. Соған қарағанда, Астана мамырда мұнай өндірісін азайтқан болуы керек. Жақында Қазақстан энергетика министрлігі әлем нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін OPEC+ алдындағы міндеттерін орындауға мүдделі екенін мәлімдеген.

Reuters есебінше, осы айда CPC Blend маркалы мұнай экспортының көлемі сәуірге қарағанда шамамен 6%-ға кемиді. Сәуір айы мамырдан бір күнге қысқа. CPC Blend – Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы айдалатын шикі жеңіл мұнай.

«Мамырда CPC Blend маркалы мұнай экспортының көлемі құбырға техникалық тексеру жүргізуге байланысты кемиді. Ол ай соңында үш күн бойы жүзеге асырылады», – дейді Reuters дереккөздері.

Бұған дейін Каспий құбыр желісі консорциумы мамырдың аяғында «Кропоткинская» мұнай айдау станциясын іске қосу үшін техникалық жұмыстар атқарылатынын хабарлаған. Консорциум өз құбыры арқылы айына қанша шикі мұнай айдалатыны туралы мәлімет бермеді.

Мұнайы экспорттаушы елдер ұйымы – OPEC+ былтырдан бері Қазақстаннан мұнай квотасын сақтауды талап етіп келеді. Биыл картел мен Астана арасындағы теке-тірес одан сайын күшейді. Тіпті Сауд Арабиясы бастаған мұнай өндірушілер Қазақстанды жазалау үшін екі ай қатарынан өндірісті күрт өсіріп жіберді.

Соның салдарынан әлем нарығында мұнай бағасы да төмендеп кетті. Экономикасы шикізат экспортына тәуелді Қазақстан үшін мұнайдың қымбат болғаны тиімді. Жергілікті мамандар қазынаны толтырып келген мұнай дәуірі аяқталып келе жатқанын ескертіп отыр.