Жаңалықтар

Қымбат елдерде арзан саяхаттауға көмектесетін лайфхактар

Саяхатта тамаққа ақша үнемдеудің қандай жолдары бар?
Қымбат елдерде арзан саяхаттауға көмектесетін лайфхактар / Фото: shutterstock

Саяхаттау қымбатқа түстені елдерге көбі «ақшам жетпейді» деп бармайды. Одан гөрі үйреншікті, арзан елдерге бара берейін деген ой болады. Дегенмен егер дұрыстап жоспарлап, неше түрлі лайфхакты білсеңіз, онда қымбат елдердің өзінде әжептәуір үнемдеп саяхаттай аласыз. Мысалы, Швейцария, Исландания, Сингапур сияқты елдерге бару үшін бай болудың керегі жоқ. Сізге бар болғаны үтір-нүктесіне дейін ойластырылған стратегия қажет. Бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз.

Жоспар: уақыт пен маршрутты қалай таңдау керек?

Адам көп баратын кездер мен мерекелерге түсетін күндерді таңдамаңыз

  • Жапонияда сакура гүлдейтін кезде үй мен билет бағасы аспандап кетеді. Ол дегеніміз — наурыз-сәуір аралығында. Оған қоса мамырдың басы бұл жақта «Алтын апта» деп аталады. Осы кездерде барғандар қымбатқа ұрынады.
  • Еуропада Рождество мерекесінде және жазғы демалыста (шілде-тамыз) турист көп барады. Сәйкесінше, саяхат арзан болмайды.
  • АҚШ-та Алғыс күні мен Рождествода баға қатты шарықтайды.

Лайфхак:
Ең абзалы — маусым арасында демалысқа барған жөн. Мәселен Норвегияға барып солтүстік шұғыласын көргіңіз келсе, қазанда барсаңыз да үлгересіз. Туристер аяғы азая бастайтын кез. Алматыда Исландияға қарашада шығатын болсаңыз, ұшақ билеттері турист қызған жаз кезіне қарағанда 40 пайыздай арзанға шығады. Ал автокөлікті 35%-ға арзан бағаға жалға ала аласыз. 

Маршруттарды салыстырыңыз, басқа бағыттарды да қарастырыңыз

  • Италияға барғыңыз келді делік. Венеция мен Флоренция — ең қымбат қалалар. Дегенмен Болонья, Веронаға барып та өте қызық уақыт өткізуге болады. Ол жақтарда да мәдени іс-шара аз емес. Бағасы арзандау.
  • Жапонияға барғанда Киото мен Токионың орнына Нагоя, Нагасаки мен Кумамотоға барсаңыз болады.
  • Испанияда Барселонаға қарағанда Валенсия мен Севилья арзанырақ.

Лайфхак:
Маршрут құрған кезде тегін іс-шараларды іздеңіз. Еуропада жазда тегін концерт пен фестиваль көп болады. Осылай ақша үнемдеңіз.

Ұшақ билеттерін қалай арзанға алуға болады?

  • Бағаларды агрегаторларға салып салыстырыңыз: Skyscanner, Momondo, Kayak, Aviasales.
  • Тегін бас тартуға болатын билеттер алыңыз. Turkish Airlines не Qatar Airways сияқты әуе компаниялары кейде билеттердің күнін ауыстыруға не ертерек бас тартуға ақша алмайды. Билет аларда осының бәріне мән беріңіз.
  • Стоповер жасаңыз. Мысалы, баратын еліңізге Қатар арқылы ұшып, Дохада бір күн қалсаңыз болады. Сонда бір елді тегін көргендей боласыз.

Кейс:
Кейде Сингапурға ұшатын кезде рейстерде Дубайға 48 сағаттық стоповер болуы мүмкін. Ол сізге тіпті жақсы. Артық шығынсыз Дубайды көріп қаласыз. Билетті бөлек алсаңыз, ондай тиімді болмас еді.

Үйді қалай арзанға жалдауға болады?

Каучсерфиң немесе үй алмасатын нұсқалар қарастырыңыз

  • Couchsurfing: жергілікті тұрғындар туристерге үйіне тегін тұруға мүмкіндік береді.
  • HomeExchange: басқа елден келген саяхатшылар бір-бірімен үй алмасады.
  • Trusted Housesitters: кейде біреулер үйінен кететін болса, үйіне қарай тұратындарды тегін тұрғызады.

Бөлме мен хостел алыңыз

  • Еуропада Airbnb арқылы бөлме жалдаған арзанырақ шығады.
  • Жапонияда капсула қонақүйлер мен гестхаустарға тоқтауға болады. Бағасы қатты қымбат емес.
  • Оңтүстік Кореяда бөлмелері арзан, бәріне ортақ бір ас бөлмесі бар guest house көп.

Лайфхак:
Алатын үйді неғұрлым ертерек буктап қойыңыз. Мысалы, Парижге барарда жарты жыл бұрын қарастырсаңыз, орталықтан тәулігіне 30-40 долларға жап-жақсы бөлмелер таба аласыз. Ал уақыты таяғанда жақсы нұсқалар жоқ болып қалуы мүмкін. Болса да, бағасы 80-100 долларға жетіп жығылады. Бұл — бір бөлмеге ғана.

Тамақтанғанда қалай үнемдеуге болады?

Өзіңіз істеңіз

  • Швейцария мен Норвегияда мейрамхана өте қымбат. Сондықтан үйден істеген өзіңізге жақсы.
  • Супермаркеттер мен жергілікті базарларға барыңыз. Мысалы, Токиодағы Tsukiji Market  жақта балғын азық-түлік те, арзан стритфуд та көп. Сол сияқты барған жақтың сондай арзан жерін тауып алыңыз.

Кейс:
Ослода күнделікті ішіп-жеуге азық-түлікті Grønland базарынан алып, өзіңіз істеп ішсеңіз, бір күндік асыңыз 10 долларға шығады. Ал кафеде кем дегенде 25 доллар төлер едіңіз.

Жергілікті кафе мен стрит-фудтардан ішіңіз

  • Сингапурде фудкордтардан 5-7 долларға толыққанды тамақ іше аласыз.
  • Оңтүстік Кореяда ттокпоки, кимбап сияқты стрит-фудтар бір адамға 1-2 долларға шығады.

Лайфхак:
Жергілікті блогерлердің парақшасын қарап шығыңыз. Олар көбіне арзан жерлерді, әдемі жерлерді ұсынады. Google Maps-тағы пікірлерді де шолып шыққан артық болмайды.

Жүріс-тұрысқа кететін шығынды қалай үнемдеуге болады?

Жол карталары мен абонементтер алыңыз

  • Жапонияда JR Pass арқылы пойыздарға белгілі бір уақытқа лимитсіз міне беруге болады.
  • Италияда Roma Pass картасымен қоғамдық көлікке шексіз мініп қана қоймай, музейлерге тегін кіре аласыз.
  • Лондондағы карта Oyster Card деп аталады. Қала ішінде жүруге қолайлысы осы.

Ерікті болып та біраз үнемдеуге болады

  • Workaway, WWOOF: сізге тегін тамақ пен үй береді, сіз үй шаруасына көмектесесіз.
  • HelpX: Ферма, хостел, эко-жобаларда ерікті болуға болады. Тамақ пен үй тегін.

Кейс:
Мысалы Канадаға Workaway бағдарламасымен барған студент сол жақта 3 ай тұрып, фермада көмектескен. Тамағы мен жатын жері тегін.

Сақтандыру полисі, банк карталары туралы білуіңіз керек дерек

  • Комиссия ұстамайтын банк карталарын таңдаңыз. Тіпті комиссия ұстаса да, ішінде тиімдісі қайсысы екенін алдын-ала зерттеңіз.
  • Кешбек бар карталар алыңыз. Қазақстандық банктердегі кешбектер түрлі санатқа бөлінеді. Соның ішінде сізге ыңғайлысын таңдап, картамен, Apple Pay, Samsung Pay сияқты әдістермен жоғарырақ кешбек алып қалсаңыз болады.
  • Премиум карталарда сақтандыру полисі тегін: барлығы болмаса да, көпшілігі сол картамен билет алғанда не үй жалдағанда сақтандыру полисін тегін рәсімдеп береді.

Ел ішінде қымбат деген көзқарас қалыптасып қалған елдерге саяхаттап, азырақ ақша шығындауға болады. Ол үшін бар болғаны жоғарыда біз айтқан лайфхактарды назарда ұстасаңыз болғаны. Жалпы саяхатқа шыққан адамның бәрін егжей-тегжейлі жоспарлағаны абзал. Ақша үнемдегеннен ұялмаңыз. Жаңа ел көргенде міндетті түрле люкс қонақ үйде жатып, мейрамханадан тамақтану керек деп ойламаңыз. Сізге керегі жаңа әсерлер ғана. Үнемдеп жүріп те сондай ғажап әсерлер ала аласыз.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін баламен саяхаттағанда керек болатын лайфхактар туралы жазған едік.