Мүгедектігі бар адамдар мемлекеттен алған үйін қалай жекешелендіре алады

Мүгедектігі бар адамдар мемлекеттен алған үйін тегін жекешелендіре алады. Бұл І және ІІ топтағы еңбекке жарамсыз, төлем қабілеті жоқ мүгедектерге қатысты. Баспана кезегі әкімдіктен «Отбасы банкіне» өткеннен кейін де, тұрғын үй заңнамасындағы бұл норма өзгеріссіз қалады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Kursiv.Media ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Мүгедектігі бар қанша адам үй кезегінде тұр
Министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде 656 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың ішінде 56 мың адам – бірінші және екінші топтағы мүгедектер, ал 26 мыңы мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша 13 068 азамат тұрғын үймен қамтылған, олардың 1 537-сі бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 650-і мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасылар. Сондай-ақ 2025 жылдың 1-ші тоқсанында жалпы 3 043 азамат тұрғын үймен қамтылған, олардың 412-сі бірінші және екінші топтағы мүгедектер және 112-сі мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасылар»,– делінген Kursiv.Media ресми сауалына берген жауабында.
Мүгедектерге тегін жекешелендіру құқығы бар
Министрлік өз мәлімдемесінде ерекше атап өткені — қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес, бірінші және екінші топтағы мүгедектер коммуналдық тұрғын үйді тегін жекешелендіре алады. Бұл — олардың баспана мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін маңызды құқық.
«Қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес бірінші және екінші топтағы мүгедектер коммуналдық тұрғын үйді тегін жекешелендіре алады. Сондай-ақ, 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін дайын тұрғын үйді сатып алуға рекордтық мөлшерде қаражат бөлінді, бұл тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді«,– деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Мемлекеттік қолдау арқылы мүгедек жандардың үйлі болу жолдары
1. Жеңілдетілген ипотекалық қарыздар
«Отбасы банкі» арқылы 2% немесе 5% мөлшерлемемен несие беріледі. 2% мөлшерлеме бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және жетім балаларға ұсынылады. Қалған барлық санаттарға бес пайыздық 5% мөлшерлемесі бойынша қарыздар беріледі.
2. Тұрғын үй сертификаттары
Бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін 1,5 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаттары беріледі. Бұл көмек те мүгедектер мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қолжетімді. Бұл тетік жергілікті бюджет есебінен іске асырылады.
3. Жалдау ақысын субсидиялау
2022 жылдан бастап кезекте тұрған азаматтардың кейбір санаттарына, оның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектерге және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының бір бөлігі субсидияланады.