Жамбыл мен Түркістан өңіріндегі шегірткелерді құрту үшін Үкімет 7,1 млрд теңге бөлді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Биыл шегірткелердің таралуы 2,1 млн гектар аумақты қамтиды / Фото: kursiv.media  архиві

Елімізде тағы да шегірткелер таралып жатыр.  Әсіресе, Жамбыл және Түркістан облыстарында зиянкестері дернәсілдерінің таралуы байқалады. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шегірткелердің таралу аймағы өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым аз деп сендірді.

Шегірткемен күрес шығыны қанша

Министр Сапаровтың айтуынша, биыл шегірткелердің таралуы 2,1 млн гектар аумақты қамтиды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз. Зиянкестермен күресуге республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінген.

 «Жұмысқа 443 бірлік бүріккіш техникасы мен 4 625 маман жұмылдырылды. 12 мамырдағы жағдай бойынша Жамбыл және Түркістан облыстарында шегіртке зиянкестері дернәсілдерінің таралуы байқалады. 1 388,9 мың гектар жер зерттелді, оның 396,6 мың гектары өңдеуге жатады. Нақтырақ айтсақ, 390,8 мың га, оның ішінде Жамбыл облысында – 27,8 мың га, Түркістан облысында – 363,8 мың га өңделді»,- деді министр Үкімет отырсында.

Премьер-министр Олжас Бектенов министрге екі өңірді бақылауға алуды тапсырды.

«Өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, зиянкестерге қарсы сапалы мониторингті, профилактикалық және қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз ету керек. Шегірткенің таралу болжамдарын үнемі жаңартып отырып, жедел шаралар қабылдау үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Қазіргі сәтте Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткемен күреске ерекше назар аударыңыз»,- деді Үкімет басшысы.

Қай өңірлерде құрғақшылық болады

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев астық егетін аймақтарда егін жұмыстарын мерзімнен ертерек жүргізу ұсынды. Өйткені мамырда елдің көп бөлігінде ыстық және құрғақ болады деген болжамын жеткізді.

«Мамыр айында Қостанай облысының оңтүстігінде, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының оңтүстік-батыс жартысында, Қызылорда облысының солтүстік-батыс бөлігінде, Алматы және Жамбыл облыстарының солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында құрғақшылық болжануда», – деп мәлімдеді Нысанбаев.

Министр жаздың бірінші айында елдің оңтүстік-батысы мен қиыр оңтүстігінде әдеттегіден ыстығырақ болатынын айтады. Бұл аймақтарда максималды температура 45 градусқа дейін жетеді.

Сондай-ақ оқыңыз