Toyota жаңа RAV4-ті 21 мамырда таныстырады. Қазақстан нарығына қашан келеді

Жарияланды 13 Мамыр 2025 14:21

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Компания бөлімшесі модельдің алғашқы тизерін жариялады / Фото: carscoops.com

Toyota-ның АҚШ-тағы бөлімшесі жаңа кроссовердің дронмен түсірілген бірнеше суретін жариялап, оның 21 мамырда таныстырылатынын хабарлады. Компания ресми растамаса да,  фотосуреттерге қарап, бұл көліктің – Toyota RAV4 моделінің алтыншы буыны екенін аңғаруға болады.

Toyota-ның әлеуметтік желідегі парақшасының бірінде болашақ RAV4 моделінің сыртқы емес, салон интерьерінің суретін жариялады.

Тизер-суреттерден жеке орнатылған аспаптар панелі мен орталық медиаэкранды, сондай-ақ кең спицалары бар жаңа рөлдік дөңгелекті көруге болады. Бұл спицаларда түрлі қосымша функцияларды басқаруға арналған көптеген батырмалар орналасқан. Сонымен қатар,  ортаңғы консольде физикалық батырмалар тұр. Кадрдан үйреншікті беріліс қорабы селекторының орнын Porsche стиліндегі шағын джойстик басқанын көруге болады.

Көліктің техникасына қатысты толық мәлімет жарияланбаған. Кейбір нарыққа тек 2.5 литрлік атмосфералы қозғалтқышқа негізделген күштік құрылымы бар, толық жетекті гибрид ұсынылуы мүмкін деген инсайдерлік ақпараттар бар.

Фото: .carscoops.com

RAV4-тің алтыншы буыны дилерлердің қолына қашан түсетіні белгісіз. Дегенмен Жапониядағы басылымдар биыл күзде автсалоннан көріп қалуымыз мүмкін деп жазуда.

Автомобиль Қазақстанға да келеді. Қазіргі буыны біздің елде 19-23.6 млн теңге тұрады және вариатормен жұмыс істейтін 173 ат күшіне ие мотормен ғана сатылады.

Сондай-ақ оқыңыз