Жаңалықтар

Ағылшын тілін қалай тез үйренуге болады

психолог, ноутбук, skype
Shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ағылшын тілін жылдар бойы үйреніп келе жатсаңыз да, әлі күнге еркін сөйлей алмайсыз ба? Мүмкін сізге тіл үйрену әдістемесін өзгерту керек шығар. Өйткені тіл меңгеруде процестің ұзақтығы емес, тұрақтылығы мен тиімділігі маңызды. Көп жылдан бері ағылшын тілінде сөйлеуге талаптанып, бірақ нәтиже шығара алмасаңыз, жаңа тілді жеңіл игеруге көмектесетін 5 маңызды ережеге көз жүгіртіп шығыңыз.

Қажеттілік немесе қызығушылық

    Тілді тез үйрену үшін не қатты қызығушылық, не үлкен қажеттілік керек. Ең жылдам әрі ұтымды жолы — осы. Айталық, жалақысы жоғары, еңбек шарты өте тиімді жұмысқа тұруға мүмкіндік туды делік. Бірақ ол позицияға бекітілу үшін 1 айдан кейін ағылшын (испан, қытай, маңызды емес) тілінде шағын тест тапсыруыңыз керек. Бұл компанияға жұмысқа тұруды жылдар бойы армандап келесіз. 1 ай ішінде тіл үйренуге барынша талпынып көресіз бе, әлде өмірлік мүмкіндікті қолдан жібере саласыз ба?

    Тағы бір мысал: Аустралияға жұмыс және демалыс визасын алдыңыз. Кофеханаға кассаға жұмысқа тұрдыңыз. Бірақ ағылшыныңыз нашар. Жұмыста қалудың, айналадағы адамдармен қарым-қатынас құрып, керегіңді алудың жалғыз жолы — ағылшынша еркін сөйлеу. Мұндайда не істейсіз? 

    Әлбетте, екі жағдайда да мотивациясы мен менталды саулығы дұрыс адам (апатия, депрессия сияқты салмақты диагноздары болмаса) ағылшынша сөйлеуге шамадан тыс қажеттілік сезініп, тілді әдеттегіден жылдамырақ үйренеді.

    Миға екінші бір үлкен стимул — қызығушылық. Бір тілге қатты қызығып көрдіңіз бе? Ол тілде сөйлейтін адамдарға, мәдениеті мен өнеріне елден ерек сүйсініп, жақсы көрсеңіз, тілді үйрену де жеңілдейді. Өйткені ми жаңа тіл меңгеру процесін ауыр, іш пыстырарлық жұмыс емес, қызық бір ойын, сүйікті хобби ретінде қабылдайды.

    Сондықтан тіл үйренерде өзіңізге қажеттілік немесе қызығушылық қалыптастырыңыз. Артынша оны нақты бір мақсатпен бекітіңіз. Мәселен, 3 айдан кейін халқы ағылшын тілін жақсы білетін кез келген бір елге саяхаттап барамын деп билет алып қойыңыз. 3 ай бойы сапарға дайындаласыз. Саяхатта ешкімнің көмегінсіз, шамаңыз жеткенше, ағылшын тілінде сөйлеуіңіз керек. Дәмханада тапсырыс беру, әуежайда тіркеуден өту, жол сұрау, қонақ үйге орналасу — бәрі-бәрі сізге тіл жаттықтыру болады. Осы арқылы тілді жай ермек үшін емес, белгілі бір мақсат үшін үйренесіз. Сізде нақты мерзім және ағылшын тілі не үшін керегін түсіндіретін себеп бар. Мақсатыңыз орындалғанда, өзіңізге құрметіңіз бен тілді ары қарай үйренуге мотивацияңыз да артады. 

    Мықты іргетас

      Кез келген тілде сөйлеу үшін базалық болсын білім керек. Мықты іргетас қалыптастырып алсаңыз, тілді өзіңіз-ақ ары қарай үздіксіз дамыта бересіз. Ағылшын тілін бұрыннан үйреніп келе жатсаңыз, тест тапсырып, деңгейіңізді біліп алыңыз. Қай тақырыпты жақсы білесіз, қай тұсыңыз ақсап тұр? Кейін кемшін тұстарыңызбен жұмыс істейсіз. Ағылшынға жаңадан келсеңіз, жақсы бір оқытушы керек. Қазір ағылшын тілін үйрететін платформа да, жеке сабақ өтетін мұғалім де көп. Өзіңізге ыңғайлысын таңдаңыз. Мұнда да сізге мықты база мен жоспар керек. Базалық ағылшын тілін меңгеру үшін осы, өткен және келер шақты жақсы меңгеріп, to be етістігін біліп алсаңыз да жетеді. Сөздерді бірден дұрыс айтып үйреніңіз, кейін жаттанды болып кеткен тіркестердің дыбысталуын түзету қиын болады. Ол үшін кез келген сөзді онлайн сөздіктен тыңдап, аудионы айнытпай қайталау керек. 

      Көп сөйлеу

        Тіл үйренген бірінші күннен бастап сөйлеңіз. «Қайырлы таң, күніңіз жақсы өтсін!» деген екі сөйлем болса да, айтып үйреніңіз. Әуелі бүкіл грамматиканы оқып аламын, кейін сөйлеймін деген бос әңгіме. Соңында көп ереже білетін, бірақ оны іс жүзінде пайдалана алмайтын жансыз энциклопедия болып шығасыз. Қарапайым үш шақты үйреніп, көп сөйлем құрай беріңіз. Біртіндеп арасына қосымша сөздер қосып отырыңыз. Мәселен, «Мен мектепке барамын. Бұрын мектепке баратынмын. Осы жылы күзде мектепке барамын». Кейін арасына басқа сөздер қосасыз: «Биыл мектепке достарыммен бірге барамын, бұрын мектепте мұғаліммен көп қалатынмын, күнде мектепке анам апарып тастайды».

        Бұл қарапайым мысалдар ғана. Сіз өзіңіз үшін актуалды сөйлемдер құраңыз. Бірден шетелдік досыңызбен әңгіме айтуға жарайтын, жеке басыңызға қатысты сөйлемдермен жаттығыңыз. Джейн, Роуз деген кітаптағы бейтаныс кейіпкерлер мысалында әңгіме айтудың қажеті жоқ. Олардың өмірде пайдасы болмайды. Барлық мысал өзіміз, достарымыз, айналамыздағы өмір жайлы болсын.

        Тілдік орта 

          Ағылшын тілін үйренсеңіз, өзіңізді толық сол тілмен қоршаңыз. Үйдегі заттардың бәріне стикермен ағылшын тіліндегі атауын жазып қоюға болады. Ағылшын тілінде ән тыңдаймыз, мәтінін тауып, айтып көреміз, сөздердің дұрыс дыбысталуын үйренеміз,  мағынасын түсінеміз. Күнде шағын жаңалық, хикая оқимыз. Мұның бәрі сізге қызық,  күнделікті өз тіліңізде оқып, тыңдап жүрген тақырыптар болсын. Әлеуметтік желіде ағылшын тілінде видеолар қарай бастаңыз, әзілдерді аударып, түсініп үйреніңіз, артынан қайталап айтып көріңіз. 

          Шетелде тұруға мүмкіндік болмаса, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін орта керек. Төмендегі қосымшалар көмегімен ағылшын тілінде сөйлейтін адамдармен тілдесіп, speaking practice жасауға болады:

          HelloTalk

          MyLanguageExchange

          Tandem 

          Busuu

          Speaky

          Бұл қосымшалардың біразы ақылы, бірақ айлық төлем 2 шыны кофенің бағасымен бірдей. Шетелден дос тауып, ағылшын тілінде тұрақты сөйлесіп тұруға таптырмас құрал. 

          Қазір тіл үйренуге жасанды интеллектіні де пайдалануға болады. Мына қосымшаларда жасанды интеллект тіл үйретіп, сізбен сөйлесіп, қатеңізді түзетіп отырады: Learna, Smalltalk2me, Elsa, Talkpal, Gliglish. 

          Ақылы қосымшаларға шығындалғыңыз келмесе, қарапайым chatgpt-дің өзі ағылшын тілінде сөйлесіп, тапсырмаңызды тексеріп, тіл үйренуге қатысты пайдалы кеңестер беруге жарайды.

          Тұрақтылық 

            Тіл үйренудегі тағы бір маңызды дағды — тұрақтылық. Аптасына 2-3 рет 1 cағат ғана уақыт бөлу, бір ай білім алған соң үзіліс жасап, кейін тағы бір еске түскенде оралу еш нәтиже бермейді. Ағылшынды жылдар бойы үйреніп, бірақ әлі сөйлемейтін адамдардың көбінде тұрақтылық жоқ. 

            Ағылшын тілін үйренуді мықтап қолға алсаңыз, күнде уақыт бөліңіз. Ағылшын тілінде оқу, сөйлеу, ойлану, тыңдау, жазудан үздіксіз тәжірибе болсын. Бұл әрекеттерді қысқа болса да, күнделікті қайталау керек. Сонда көп ұзамай прогресс байқайсыз. 

            Кез келген тіл уақыт алатынын ұмытпаңыз. Тіл үйрену үшін де, оны сақтап қалуға да үздіксіз, тұрақты тәжірибе керек. Бір тілде жақсы сөйлеп, кейін бірнеше жыл пайдаланбай кетсеңіз, ұмытып қаласыз. Сондықтан өзіңізге уақыт беріңіз, процестен ләззат алыңыз және тілді қажетіңізге жаратыңыз!