Жаңалықтар

Пентагон: АҚШ пен Ресей арасында Украинаға бола тікелей қақтығыс болуы ғажап емес

Пентагон: АҚШ пен Ресей арасында Украинаға бола тікелей қақтығыс болуы ғажап емес
Пентагон: АҚШ пен Ресей арасында Украинаға бола тікелей қақтығыс болуы ғажап емес/Фото: David B. Gleason

Украинадағы соғыс Ресей мен АҚШ арасында тікелей қақтығысқа әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштері Солтүстік қолбасшылығының басшысы, генерал Грегори Гийо мәлімдеді, деп жазады РБК басылымы.

Генерал Гийо АҚШ пен оның Ресей, Иран, Қытай және Солтүстік Корея сияқты қарсыластары арасындағы тікелей қақтығыс қаупі артып келе жатқанын айтқан.

«ҚХР, Ресей, Солтүстік Корея және Иран АҚШ-пен тікелей қарулы қақтығыстан аулақ болуға тырысқанымен, Батыстың әлсіреуін осылар өз пайдасына шешуге дайындалып отыр. Бұл өз кезегінде әлемдік аренада АҚШ-қа қарсы тұру пиғылын арттырып, дағдарыс жағдайында қателікке бой алдыру қаупін күшейтеді», – деді генерал.

Оның айтуынша, Украинадағы қақтығыс жалғасып жатқан жағдайда Ресей мен АҚШ арасындағы тікелей соғысқа апаратын бірнеше сценарий бар. Гийо Мәскеудің Бейжің және Пхеньянмен әскери әріптестігін күшейтіп отырғанын атап өткен. Бұған, мысал ретінде Курск облысындағы ұрыстарға Солтүстік Корея әскери күштерінің қатысуы мен Арктикада Ресей мен Қытайдың бірлескен әскери жаттығуларын жатқызған.

Гийо мәлімдемесі 15 мамырына Ыстанбұлда жоспарланған Ресей мен Украина арасындағы тікелей келіссөздер қарсаңында жасалды. 13 мамыр күні Украина президенті Владимир Зеленский келіссөзге тек Владимир Путин қатысқан жағдайда ғана қатысатынын мәлімдеді.